Британиялық сәулетші АЭФ-те жасайтын баяндамасы жайлы «Хабар 24» телеарнасына арнайы сұхбат берді

Астана экономикалық форумы қонақтарының бірі – британиялық «Атомик аркитекче» компаниясының негізін қалаушы, сәулетші Майк Оудс «Хабар 24» телеарнасына арнайы сұхбат берді.

Ұлыбританиядағы меншікті тілшіміз Ғалымжан Қараманұлымен әңгімелескен Оудс форумда жасайтын баяндамасы жайында айтты. Сәулетші «Жаңа инженерлік революция. Қала құрылысы мегажобаларындағы технологиялар» тақырыбында сөз сөйлейді. Айта кету керек, Астанадағы «Бейбітшілік және келісім сарайы» – Оудстың тұжырымдамалық жобаларының бірі. Майк Оудс оны британиялық сәулетші Норман Фостердің компаниясында жұмыс істеген жылдары жасаған. Бұдан бөлек жақында Оудс EXPO-2017 аясында «жасыл квартал» жобасын басқарып, жеңіске жеткені белгілі.

Майк Оудс, сәулетші:

- Астана экономикалық форумына шақыру алғаныма өте  қуаныштымын. Менің ойымша, біз, сәулетшілер урбандизайнерлер ретінде экономиканың бір нақты бөлігіне өте жиі қатыстырылып отырамыз. Және, менің пайымдауымша, ұжымдық сана ретінде экономистер, географтар және технологияның көмегімен қоршаған ортаны жасай алатын адамдар экономиканың дамуына шынайы үлес қоса алады. Бұл форум ұжымдық сананы біріктіріп, жаһандық сын-тегеуріндерге қарсы тұруға мүмкіндік береді деген ойдамын.