405,69 456,25 5.76
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Өзекті І Жұмыс көп, бірақ іздеуші жоқ

  • 54

 

Қазақстанда 600 мыңға жуық адам - жұмыссыз жүр. Карантин кезінде көбі қызметінен қол үзіп қалды. Жұмысы әлі де жанданбаған отандастарымыз бар. Олар сарыла күтіп жүргенде, әлгі компаниялар тоқырап қалуы әбден мүмкін.

Осындай олқылықты болдырмау үшін Үкімет «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасын жүзеге асыруға басымдық беріп отыр. Алдағы уақытта 1 млн 220 мың адамды қызметке тарту жоспарланған.

Ең қызығы – мемлекет ұсынып отырған жұмыс көп. Бірақ соны іздеп жатқан адамдар аз. Неге? Осыны анықтап көрдік. Бұл – «Өзекті».

Елімізде халық саны 19 млн-ға жетті. Соның 9 млн-ы еңбекке жарамды. Осы күні 6 жарым млн адам тұрақты жұмыс істейді. Тағы 2 млн-ы өз-өзін жұмыспен қамтығандар.

Қазір Қазақстанда 125 мың бос жұмыс орны бар. Бірақ соған баруға ниет танытып жатқандар тым аз. Яки, мамандықтары сай келмейді, жұмыс өтілі жоқ. Соның кесірінен қызметке қабылдана алмайды. 

Біздің елде заңгер болуға ұмтылатындар көп. Бірақ соларға сұраныс жоқтың қасы. Көбі жылы кабинетте жұмыс істеп, жұмсақ орындықта отыруды қалайды. Қара жұмыс істеуге көбі келісе бермейді.

«Жұмысқа арнайы мамандығы бар адамдар ғана қабылданады. Ал мамандығы жоқтардың қызметке тұруына мүмкіндігі аз. Оның үстіне, бізде жоғары және орта арнаулы білім ордаларында кабинетте отыратын мамандықты игерген жастарымыз жеткілікті. Ал олар құрылысқа, қызмет көрсету саласына бара бермейді».

Қазір елде патрульдеу инспекторы, күзетшілер мен медицина қызметкерлері тапшы. Кәсіпорындарға мамандар керек. Құрылыс саласында да адам аз. Бірақ мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығын игерген адамның – қолына күрек алуы екіталай.

Біздегі жоғарғы оқу орындары нарыққа керек мамандарды дайындап жатқан жоқ. Университет бітірген түлектің біраз уақыт жұмыс таппай сенделіп қалатыны сондықтан. Осыны билік ескерді. Енді оқу орындары кәсіпорындармен етене байланыста болады. Қандай маман керек болса, соларды оқытып береді.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы аясында 6 жарым мың инфрақұрылымдық жобаны жүзеге асыру көзделген. Соның арқасында 255 мың адам жұмыспен қамтылады. Осы күні «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, 118 мың адамның тұрақты жұмысқа орналасқанын біліп отырмыз. Одан бөлек, тағы 9 бірдей мемлекеттік бағдарлама бар. Солардың барлығын тиімді түрде жүзеге асырсақ, 1 млн 220 мың жаңа жұмыс орнын құруға болады».

Елде жұмыссыздық белең алса, экономика күйрейді. Сондықтан Үкімет осындай қысылтаяң шақта, бірінші кезекте, отандастарымызды қызметпен қамтуға басымдық береді. Бүгінге айтарымыз осы. «Өзектіні» қарай жүріңіздер.

Хабар 24 телеарнасы