476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz


Өзгеріс ауқымы. Конституциялық сот жүйесі

  • 215

Қазір қоғамда жиі талқыланатын, көптеген дауға, пікірталасқа өзек болып жататын мәселінің бірі – адам құқығы. Мемлекетіміздің қымбат қазынасы адам екені Ата заңда анық жазылған. Бірақ соған қарамастан елдің түкпір-түкпірінде құқығы тапталған азаматтар жайлы көп айтылады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Соның бір көрінісі – қаңтар оқиғасы кезінде ұсталғандарды азаптау деректері. Мұны құқық қорғау органдары ресми түрде мойындады. Жалпы елден әділдік таппаған қазақстандықтар халықаралық сотқа жүгінуге мәжбүр. Бұл мемлекетке абырой алып бермейтін үрдіс. Сондықтан президент Қазақстанда конституциялық сот құруды ұсынған. Жалпы жуық арада сот жүйесі қалай өзгереді?

Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады. Оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары. Елдігіміздің кепілі Конституцияның алғашқы бабы осы бір қанатты сөздерден басталады. Иә құлаққа жағымды естіледі. Өзге елдерге үлгі боларлықтай. Алайда бұл баптың бүгінде қаншалықты күші бар? Біз осы халықаралық тәжірибені жиі үлгі етеміз. Еңдеше АҚШ мемлекеттік департаменті жасаған мына бір баяндамаға зер салсақ. Ұйым 2020 жылы еліміздегі адам құқы мен бостандығына қатысты көлемді баяндама жасады. Сонда адамдардың бас бостандығын шектеу кезінде өрескел заң бұзушылықтар анықталғанын ашып айтқан. Тіпті азаптау көріністері әшкереленгенін жазған.

Сорақысы сол, біз бұл сұмдыққа күні кеше көз жеткіздік. Каңтар қырғыны кезінде азаматтарды өлімші етіп сабауға жол берілгенін билік ресми мойындады. Бас прокуратура азаптау бойынша 280-нен астам шағым түскенін жасырмады.

Өкініше қарай, елімізден әділдік таппағандар халықаралық сотқа жүгінуге мәжбүр. Бұл еліміздің халықаралық аренадағы абыройына нұқсан келтіреді. Демек отандық сот жүйесін түбегейлі өзгертетін кез жетті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Құқық қорғау институттарын күшейту, Конституцияның ең жоғарғы заңды күші бар Ата Заңымыз – еліміздің бүкіл құқықтық жүйесінің тірегі. Алайда белгілі бір заң актісі немесе шешім оған сай келе ме деген сұраққа нақты жауап беру қиындық тудыратын кездер болады. Көптеген мемлекетте Конституциялық сот институты бар. Оған кез келген адам өзінің сауалын жолдай алады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мұндай орган Қазақстанда болған. Ата заң ережелерінің мүлтіксіз сақталуын осы мекеме тиімді қамтамасыз етеді деп санаймын. Соны ескере отырып, мен елімізде Конституциялық сот құруды ұсынамын.

Ал қазір заңдардың Конституцияға сәйкестігін Конституциялық кеңес тексереді. Бірақ екінің бірі оған жүгіне алмайды. Конституциялық Кеңестің 20-бабында тиісті органға Президент пен Парламент Сенаты және Мәжілісінің төрағалары шағымдана алатыны жазылған. Парламент дептутаттарының да тиісті құқы бар. Бірақ депуттардың жалпы санының кемiнде бестен бiрiн құраған кезде ғана олардың өтініші қаралады . Әрмен қарай тізімді Премьер-министр, республика соттары, мемлекеттік орган өкілдері жалғайды.

Ал енді Констиуциялық сот құрылса, онда кез келгеніміз тиісті органға шағымдана аламыз. Яғни Жоғарғы соттан кейін жүгінетін соңғы инстанция болады. Әзірге ол қай бағытта жұмыс істейтіні белгісіз. Бірақ әлемдік тәжірибеге сүйенсек, Конституциялық сот шығарылған қаулының Ата заңға сәйкестігін қарайды. Яғни бірінші бапта көрсетілген азаматтардың құқы мен бостандығы қаншалықты қорғалғаны сараланады. Алайда істі қайта тергемейді.

Бұған дейін Жоғарғы соттан әділдік таппаған қарапайым ел азаматтары халықаралық соттан көмек сұрайтын. Енді Конституциялық сот құрылса, онда құқын қорғау үшін шетел асатын азаматтар саны азая түседі. Білікті заңгер Бахтияр Бөлеулиев осындай пікірде.

Бахтияр Бөлеулиев, заң ғылымдарының докторы, профессор:

– Елімізде Конституциялық сот құру бастамасы жоғарғы сот билігінің кірпішін қалайды. Азаматтардың құқық, бостандықтарын және заңды мүдделерін қорғауға негізделген жүйе болады. Дау-дамайлармен мемлекеттік органдар актілерінің және жоғарғы лауазымды тұлғалардың іс-әрекеттерінің  Ата заңға сәйкестігін қарайды. Бұл нағыз «еститін мемлекет» қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік беретін бірден-бір механизм.

Конституциялық сот бұған дейін де елімізде болған. 1992 жылы іргесі қаланды. Алайда араға 3 жыл салып оның орнына Кеңес құрылды. Енді уақыттың өзі мұндай жүйенің қажеттігін дәлелдеп берді. 

Бұл органды құру бірер күннің шаруасы емес. Тиісті тапсырманы Президент жүктегелі арада 1 ай уақыт өтті. Құжат қашан дайын болары әзірге белгісіз. Анығы бұл шешім Конституцияда жазылған міндеттердің іс жүзінде орындалуын қамтамасыз етуге міндетті.

Хабар 24 телеарнасы