476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz


Мүдде мен міндеттеме қайшылығы | Анығында

  • 139

Елдегі үш ірі мұнай өндірушіге керек тауарлар тізіміндегі отандық үлес небәрі 9 процент. Бұл көрсеткішті жоғарылату үшін импорттық тауардан бас тартуымыз керек.

Алайда мұнай-газ саласына арналған жабдықтармен қамтуға қазақстандық машина жасаушылардың шамасы келе ме? Оған не кедергі?

Маусымның бірінен бастап еліміздегі мұнай өңдеуші зауыттардың бірінде жөндеу жұмыстары басталады. Каспийдің солтүстігінде орналасқан кеніштегі жоспарлы жұмыс 45 күнге созылмақ. Алайда бүгін біз, жанар-жағар май нарығына тигізер әсерін емес, осы жөндеу жұмыстарында қолданылатын импорттық өнімдерді алмастыру мәселесіне үңілмекпіз.

Бақыт: Мұнай өңдеуші зауыттардың жөндеу жұмыстары кейінге шегерілетіні ақпанда хабарланған еді. Энергетика министрі сол кезде Шымкенттегі зауытта жоспарланған жөндеу қарашаға дейін, мүмкін болса тіпті келер жылға дейін ығысуы мүмкін екенін жеткізген. Сондай-ақ, павлодарлық кәсіпорынның маусымда жоспарлаған жұмысы екі-үш аптаға шегерілетінін айтқан. Бұл көктемгі егіс жұмыстарына қажет жанар майдың тапшылығын болдырмас үшін қолға алынған шара.

Бақыт: Десе де, зауыттардағы кей цехты ара-тұра тексеріп, тиісті жөндеу өткізу қажет. Ал бұған бірталай күш сарп етіледі. Атап айтсақ, автоматтандырылған өндірістегі бөлшектерді алмастыру. Ол бөлшектердің дені сырттан әкелінеді.

Бақыт: Қазіргі геосаяси ахуал қай салада болмасын, импорттық тауарларды алмастырудың қаншалықты маңызды екенін тағы да еске салды. Осы ретте Қазақстандағы алпауыт үш мұнай өндіруші жергілікті машина құрастырушы кәсіпорындардың өнімін алдырғанды анағұрлым тиімді санайды. Бірақ

ЦИТАТА:

Болат Ақшолақов, Энергетика министрі:

Бұл жұмыс, ең алдымен, бастапқы талдауға байланысты. Екіншіден, қолда бар мүмкіндікті анықтап, тапсырыс беруші компаниялардың қажеттілігіне байланысты. Бұл бағытта тиісті шаруа атқарылып жатыр. Әрине,  саладағы түйткілдер жетіп артылады. Оның ішінде өнімнің стандарттарға сәйкес келмеуі, тендер өткізу кезіндегі сатып алушылардың өздеріндегі артық қағазбастылық деген сияқты. Бірақ бұл мәселелерді шешуге болады.

Жуырда осы тақырыпқа арналған форумда энергетика министрі осылай деген еді. Болат Ақшолақов келтіргендей, негізгі үш мұнай өңдеуші мен машина жасаушы кәсіпорындар арасындағы келісімшарт мерзімі 5 жылдан 10 жылға жасалғаны дұрыс.

Бұл отандық өнеркәсіптің қаржы тартуда қиналмауы үшін керек. Әрі мұнай-газ саласына арналған өнім өндіруші кәсіпорындардың дамуына серпін берер еді.

Джанкарло Рую, Қарашығанақ петролиум оперейтинг компаниясының бас директоры:

- Біздегі мұнай өндірісі жоғары технологиялық әрі күрделі  процесс саналады. Сондықтан қойылатын техникалық талаптар да қатаң. Бірақ оған сәйкес болу қиын деп қарап отыруға болмайды, әрине. Сапаны жақсартып, бізге қажет стандартқа сай етуде жергілікті кәсіпорындар үшін тамаша мүмкіндік туды.

- Иә, қанша дегенмен, мұнай өңдеу саласының экономикалық әлеуеті зор, бірақ толық ашылмаған. Оны Қазақстанның мүддесі үшін барынша қолдану керек-ақ. Бір әттегенайы, шикізат көзі бар болғанмен, сырттан әкелінетін металлға тәуелдіміз. Өйткені, мұнай өндірісінде күкіртті сутегі ортасына шыдас беретін жоғары сапалысы керек.

Ермек Марабаев, NCOC басқарушы директорының орынбасары:

- Шикізат қайдан алынады? Мен мынаны айта аламын. Металл шикізаттың 90 процентін біз сырттан алдырамыз. Міне, шығынның басы қайда жатыр! Міне, біз осы мәселеге мән беруіміз керек.  Бір-бірімізге қарап, басқа себеп іздеудің қажеті жоқ. Яғни, кәсіпорындарымыздың шығынына үңілсек, мәселенің түп-тамыры бірден айқындалады. 

- Мұнай өндірісіне қажет импорттық метал расымен бізге қымбатқа түседі. Әрі логистикасы да арзан емес. Оған қоса кейде жеткізу уақытына қатысты қиындыққа тап боламыз.

- Сапалы металлды өзімізде өндіру үшін не керек? Металл балқытатын тағы бір өндіріс қажет. Алайда бұл жерде экономикалық мүдде мен экологиялық міндеттеме қайшы келеді. Себебі, металл балқытатын өндіріс қарқынды түрде газ бөледі. Ал ол климатқа әсер етпей қоймайды.  

Түйін: Анығында, импортты алмастыруды мақсат етсе, отандық машина жасау өндірісі қарыштап дамиды. Әзірге саладағы отандық мазмұнның межесін 11 процентке жеткізу көзделіп отыр. Бұның да экономикалық тұрғыдан мультипликативті әсері мол болатыны сөзсіз. Яғни жаңа жұмыс орындары құрылады, аймақтағы экономикалық өсім жақсарады. Ал оған дейін, экономика, экология, кадр мәселесі тиімді шешімін табуы тиіс.

Хабар 24 телеарнасы