476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz


Қарыз машақаты | Анығында

  • 108

Қазақстандағы көп қабатты тұрғын үйдің 80 проценті жөндеуді қажет етеді. Бірақ қыруар қаржы шығаруға тұрғындардың шамасы жете бермейді. 1 ші шілдеден бастап мүлік иелері бірлестігінің басқаруына көшетін азаматтар қордаланған мәселені шеше ала ма?

1-шілдеден бастап Қазақстандағы пәтер иелерінің кооперативі жұмысын тоқтатып, орнына мүлік иелерінің бірлестіктері іске кіріспек. Алайда кооперативтің қордаланған мәселесін әр үйде құрылған бірлестік шеше ала ма? Әсіресе жылдар бойы жөндеу көрмеген көпқабатты үйлердің түйткілін тарқатуға шамасы жете ме? Армысыздар, бүгін біз дәл осы мәселеге үңілмекпіз.

Ел бойынша жүргізілген түгендеу нәтижесінде ұзын саны 54 мыңнан астам көпқабатты үй бар екені анықталды. 50 мыңнан астамына меншікті мүлік иелерінің бірлестіктері құрылып, басқаруы тиіс. Биылғы жылдың наурызындағы жағдай бойынша 36 мыңға жуығы құрылып үлгерген. 

Көп қабатты үйлердің 80 проценті өткен ғасырда бой көтергенін ескерсек, дерлік түгеліне күрделі жөндеу қажет. Тесік-шұрық шатыр, істен шыққан жеделсаты, ескірген қасбет. Мүлік иелерінің бірлестіктері шешімін табуы тиіс мәселенің тізімі осылай жалғаса береді.

Осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғын үй шаруашылығы жаңғыртуға арналған бағдарлама іске қосылған еді. Ол бойынша несие алып, күрделі жөндеу жүргізген кей үйлер мемлекетке қарыз боп қалды. Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляеваның айтуынша, борышкерлер санының артуына қарыз өндірудегі жүйенің тиімсіздігі себеп болды.

Екатерина Смышляева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Бір мысал келтірейін. Баспанасын сатқан кезде, қолданыстағы бұйрыққа сәйкес, мүлік иесі бюджет қарызын толық өтеуі тиіс. Бірақ іс жүзінде олай болмайды. Келісімшартты рәсімдеу кезінде нотариустар пәтер иелерінің жалпы үйдің жөндеу бойынша борышын көрмейді. Мұндай дерек сауда келісімшартында көрсетілмейді. Ақыр аяғында бұл қарыз пәтердің жаңа иесіне жүктелмейді. Бұрынғы пәтер иесімен де байланыс үзіледі.  

Сөйтіп, мәжіліс депутаты индустрия және инфрақұрылымдық даму министріне депутаттық сауал жолдады. Онда бюджеттік несиелеудің операторын ауыстырып, қажет болса тәуелсіз аудит жүргізу ұсынылған. Сондай-ақ сауалда үйді басқарудың жаңа формаларына байланысты заңды нормативтік актілерді жаңартып, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларға тиісті құзырет бөлу керек делінген.

Бұдан бөлек, жылжымайтын мүлікт саудасының келісімшартын рәсімдеу кезінде бюджеттік несиенің қарызын нотаруистың цифрлық базасына жүктеу ұсынылды.  

Қош, құзырлы ведомство бұл ұсыныстарды сараптап, шешімін қабылдай жатар. Бірақ тозған үйлерді жөндеу үшін қайтпек керек?

Мәлім болғандай, бүгінде жергілікті әкімдіктердің бюджеті есебінен тозған үйді жөндеуге болады. Ол үшін белсенділер қаржы бөлуді талап етіп, екі ортада желініп кетпеуін жіті қадағалауда табандылық танытуы тиіс. Сала сарапшысының осыған қатыстын пікірін тыңдасақ. 

Талғат Татиков, «Мой дом» ЗТБ басқармасының төрағасы:

- Адамдар өздері белсенді болса, жемқорлыққа жол берілмейді. Жөндеуге жұмсалатын әрбір тиынды бақылай алады. Бұл бір. Екіншіден, жергілікті өз-өзін басқару органдары да жұмыс істеуі тиіс. Олар әкімдік пен меншікті мүлік иелерінің бірлестіктері арасындағы алтын көпірге айналуы керек. Қала ішіндегі әрбір ауданда сондай орган болса, тұрғын үй шаруашылығына қатысты түйткілдерді тиімді шешуге атсалысар еді. 

Маманның айтуынша, әкімдіктегі тұрғын үй инспекциясы бұл бағыттағы жұмысын толыққанды атқара алмай келеді. Әсілінде, инспекцияның мамандары әрбір аудандағы үйлерге техникалық тексеріс жүргізіп, ақауларды жоюдың амалдарын түсіндіруге міндетті.

Анығында бұның барлығы тұрғын үй шаруашылығы саласындағы заңнамамен реттелген. Тіпті осы салаға көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің стандарттары бекітілген. Олардың тиісті деңгейде орындалуын айналып келгенде мүлік иелерінің бірлестіктері, яғни белсенділер талап етуі тиіс. Ал оның қалай боларын тек уақыт көрсетеді.

Хабар 24 телеарнасы