loader


Апаттың алдын қалай аламыз

«Жол мұраты – жету» дейміз. Ал Қазақстанда межелі жерге аман-есен жету үшін бірнеше факторды қаперде ұстаған жөн. Анығын санаулы сәттен кейін айтайын. Студияда Бақыт Топтаева, армысыздар! 

Биылғы жылдың 8 айында 9 400-ден астам жол-көлік оқиғасы тіркелген. Былтыр дәл осы кезеңде апат саны 13,5 пайызға кем болған еді.

Статистиканы сөйлетер болсақ: апатта 12 394 адам жарақат алса, 1 479 жолаушы бақилық болды. Былтыр 8 айда жараланғандардың саны 11 мыңға жуықтаған. 1 258 адам апаттан көз жұмды. Өлім-жітім көрсеткіші бірден 17 %-ке артты.

Жол қозғалыс оқиғасы негізінен еліміздің оңтүстік өңірлерінде жиі тіркеледі. Мәселен, антирекордтың көш басында Алматы қаласы тұр. Қаңтар мен тамыз аралығында 3 мыңнан астам апат болған. Бұл тізімді іле-шала Алматы, Жамбыл, Түркістан, Ақмола, Шығыс Қазақстан және Ақтөбе облысы жалғайды.

Айдың-күннің аманында ажал құштыратын оқыс оқиғалардың бірнеше себебі бар. Соның бірі – жолдарды жөндеп, пайдалануға берудегі жүйенің жоқтығы. Әрі жөндеу сапасының нашарлығы.

Мердігер компаниялар міндеттемелерін сапалы түрде әрі уақытылы орындамайды. Білікті маман, техника, жұмысшы жетіспейді. Конкурстық процестер созбалаңға салынып, қаражат та уақытында бөлінбейді. Оған қоса, тиісті бақылау өз деңгейінде жүргізілмейді. Жолдардың сапасына қатысты депутаттық сауалында сенатор Сұлтан Дүйсембинов проблемалардың барлығын  тізіп жазған:

Cұлтан Дүйсембинов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Сонымен қатар қазіргі уақытта жол жөндеу жұмыстарына қатысатын субъектілердің тиісті техникасы мен мамандары бар/жоқтығын тексеріп жатқан ешкім жоқ, сол себепті конкурсты ұтып алған бас мердігер компаниялар өз міндеттемелерін үшінші тұлғаға беріп, соңында жауапты тұлғаларды табу қиындық тудырып жатады.

Сенат депутатының пайымдауынша, осы сияқты саладағы былықтар түптеп келгенде жол сапасына әсер етеді. Алайда инфрақұрылым мәселесінен бөлек қауіпсіздік ережесі, жолдағы мәдениеттің сақталмауы жазатайым оқиғаларға салмақты себеп болады. 

Садық Шерімбек, блогер:

- Тәуелсіздіктен бергі жүргізушілердің бәрі дерлік жүргізуші куәлігін сатып алды ғой. Жастайынан көлік құлағында ойнап, заманның реалымен солай алғандар да бар. Бірақ өмірі көлік жүргізіп көрмегендердің бір күнде көлік жүргізу куәлігін алғанын талай көрдік. Солардың апатқа ұшырап жатқанын да көрдік. Өзіміз де бейкүнә емеспіз. Бірнеше рет көлік апатына ұшырадым. «Солай үйреніп кетесің!» деп ақтап алады, әйтеуір. Шынында жоғарыдағы жылына болатын он мыңдаған «құдай істері» негізі жаппай жүргізушілердің жол ережесін білмеуінен екенін мойындайықшы. Бар себебі сол. Бұл саланы ретке келтірмесе, туғандарымыз жол «соғысында» қаза тапқаны тапқан.

Бүгінде елімізде 700-ден астам автомектеп мемлекеттің қадағалауынсыз өздігінен жұмыс істеп жатыр. Мамандандырылған ХҚКО-ға қарасты автодромдарға кезек тым ұзын. Автоматты алаңдардың қайта-қайта істен шыға береді тағы бар.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Қазақстанда жүргізушілерді даярлайтын ұйымдарды лицензиялау 2012 жылдан бастап тоқтатылған. 2016 жылдан бері өз бетінше дайындалғандарды емтиханға кіргізу мүмкіндігі берілген. Теорияны әркім өздігінен оқып үйрене алғанымен, іс жүзінде көлікті басқаруды үйрену көпшілік көлік айдайтын жолдарда жүргізіледі. 

Ең сорақысы, ересектердің салғырттығынан балалар да көз жұмады. Соңғы бес жылда 623 бүлдіршіннің өмірі қыршыннан қиылған. Темір тұлпарды айдаудағы тәжірибенің жоқтығы ден қоятын мәселе екендігі анық. 

Кең жеріміз жайлы кеудемізді кере айтамыз-ау. Мыңдаған шақырымға созылған жолдардың тарлығы жүргізушіні азапқа салатыны рас. Жүрісі бәсең жүк көлігі де, жеңіл машиналар да ағызып осы жолдармен өтеді. Қараусыз жайылған малдың жолға шығып кететіні – бөлек мәселе.

Анығында, өткен айда ғана жолдағы түйткілдің бәрін тізіп, сенаторлар бір емес, үкіметке екі бірдей сауал жолдаған. Оларға жауап қағаз жүзінде емес, іс жүзінде табылса екен деген тілек бар. Бүгінге осы, жолда абай болыңыздар!

 

 

 

 

++++

Сондай-ақ...