loader


Азық-түлік қашан арзандайды? |Анығында| 10.11.22

Азық-түлік бағасын бағындыру мүмкін бе? 

Елде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар тауарлардың құны 20% өскен. Мұны сарапшылар әлемдік нарықтағы инфляциямен байланыстырады. Ал жауаптылар болса тауар өндірушілердің жұмысында да кінарат бар деп отыр. Сонда бағаның өсуіне кім кінәлі?

Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы уақытта жұмыртқа 7,6%, ұн шамамен 4%, күріш 3%-ға, ал сүт 2,2% қымбаттады. «Бұған ең алдымен мемлекеттік органдар жауапты», – дейді Үкімет басшысы. Себебі, елде бағаны тұрақтандыру үшін қажетті жағдай жасалған.

Әлихан Смайылов, ҚР Премьер-Министрі:

- Министрліктер мен әкімдіктерде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу үшін барлық қажетті құрал мен қаржы, бақылау функциялары бар. Бірақ бағаның өсу серпіні жоғары. Бұл – әкімдіктердің әлсіз жұмысы және Ауыл шаруашылығы, Сауда және интеграция министрліктері тарапынан үйлестірудің жеткіліксіздігінің нәтижесі.

Өткен аптада Әлихан Смайылов бірқатар сала басшысын сын тезіне алды. Жұмыстың жүйесі жоқ екенін айтып, тіпті кейбірін қатаң жазалады. Алайда шенеунікке көрілген шара, қарапайым халықтың жарасын жаза ма? Мәселе – осыда. Айтпағымыз, сауда саласында сең қозғалды ма? Қазіргі басты мақсат – бағаны бұрынғыша ету. Ол үшін – астық, жемшөп және күнбағыс майын арзандату жоспарлануда. Осы арқылы өзге өнімдердің бағасына әсер ету ойда бар.

Сауда Және Интеграция Министрлігінің Баспасөз Қызметі:

Мемлекет біртіндеп бағаны тұрақтандырудың «Қатаң» құралдарын пайдаланудан бас тартады. Көптеген жылдар бойы тәжірибеде оларды қолдану өзінің тиімділігін дәлелдеген жоқ және бизнес тарапынан көптеген сын тудырды. Сауда және интеграция министрлігі жаңа ережелер жобасын әзірледі. Енді есік алдындағы дүкендерді бақылау күшейеді. Олар сауда үстемеақысын 15%-дан асырмауы керек. Сонымен қатар, бұл үстемеақыны 15%-дан 10%-ға дейін төмендету бойынша Қазақстанда мыңнан аса дүкені бар 60 сауда желісімен меморандумдарға қол қойылды. Тауарлар қорын тұрақтандыру бойынша да жұмыстар атқарып жатыр.

Шарықтаған баға айналасында келеңсіздік көп. Мәселен, Семейдегі құс фабрикалары 10 дана жұмыртқаны 300 теңгеге сатады екен. Алайда бұл баға дүкенге жеткенше екі есе көтеріліп, тұрғындар 600 теңгеге алған. Жасыратыны жоқ, мұндай керіағар сандар өзге өнімдердің де айналасында толып жатыр. Ортада көлеңкелі кәсіп көп.

Тағы бір мәселе – шаруаларға келіп тіреледі. Биыл оларды субсидиялау екі есе ұлғайды. Десе де, бағаның қымбаттауы тоқтамады. Қолдаудың қайтарымы болу керек. Биліктегілер осыны да көтеріп отыр. Ал шаруалар болса, бағаның өсуіне өзге себептер бар екенін айтады. Себеп ¬— әлем нарығындағы қымбатшылық.

Иә, мәселенің күрделенуіне сөзсіз әлемдік геосаяси ахуал да әсер етіп отыр. Азық дағдырысы үлкен мәселеге айналып барады. Осы орайда халықаралық сарапшылар да дабыл қағып жатыр. Олардың айтуынша, әлем жаһандық инфляция шыңына жақындап қалды. Енді қайтпек керек?

Кристалина Георгиева, Халықаралық валюта қорының директоры:

- Уақыттан озғым келмейді, бірақ біз инфляцияның ең жоғары деңгейіне жеттік деп ойлаймын. Қазір бұл келеңсіздікпен тек орталық банктер күресіп жатқанын көріп отырмыз. Бұл мәселеге басымдық беру керек. Егер де біз жағдайды ушықтырып алсақ,  бағаны бағындыру мүмкін болмай қалады.

Әлемдік дағдарыс бізді де айналып өтпейтіні түсінікті. Алайда жұмысты жүйелесек, тұрмысты да түзеуге мүмкіндік бар. Себебі, ауылшаруашылығы өнімдерін өндіруден көрсеткіш жоғары. Бағаны қалпына келтіру үшін қатаң талап болады деп уәде етеді жауаптылар. Субсиядяилар жүйесі мен сауда саласын да бірқатар өзгерістер күтіп тұр. Алайда әзірге ырыққа көнген баға байқалмайды.

Сондай-ақ...