«Қауіпсіз үй»: Атырауда полиция қызметкерлері рейдке шықты
Қазір қоғамда отбасындағы жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі жиі көтеріледі. Расында осындай жағдайларға байланысты көптеген шаңырақтың шайқалып жатқанын көз көріп, құлақ естіп жүр. Отбасындағы жанжалдың соңы зорлық-зомбылыққа ұласпауы үшін оның алдын алу маңызды. Біз Атырау қаласындағы №1 полиция басқармасындамыз. Тәртіп сақшыларымен бірге «Қауіпсіз үй» жедел профилактикалық іс-шарасы аясында рейдке шығамыз.
Рейд кезінде учаскелік полиция инспекторлары есепте тұрған азаматтардың мекенжайына барып, отбасылық жағдайын бақылайды. Тексеріс алдымен «Атырау» ықшам ауданынан басталды. Бұған дейін мына үйден отбасылық кикілжіңге қатысты бірнеше рет хабарлама түсіп, тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Содан кейін есепке алынып, тәртіп сақшыларының бақылауына ілікті.