Батырхан Құрмансейіт: Біз үшін ЕХРО – үлкен мүмкіндіктердің бірі

ЕХРО-2017 тек көрме алаңы ғана емес, іскерлік орталыққа да айналып отыр.

Бизнеске өріс ашатын ортаны Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері де өз керегіне жаратуды жөн көріпті. Іскерлерді жинап, павильон комиссарларының басын қосып, халықаралық көрмедегі кәсіпкерлерге өңірді таныстырды. Форумда қаржы салуға қолайлы өлкеге қызығушылық танытқандар да аз емес. Оған өзара ынтымақтастықты арттыруға негізделген алты меморандум өлшем. Жиын кезінде «Қазақстан даму банкі» төрағасы Болат Жәмішев, Kazakh Invest АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мейіржан Майкенов сөз алып оңтүстік өңірдегі бизнес ахуалға қатысты пікірін айтты. Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев тоғыз жолдың торабы секілденген өлкеге қаржы салу істің дөңгеленуіне мүмкіндік екенін жеткізді. Мысалы, соңғы жылда жиналған бақша өнімдерінің өзі 1 млн тоннадан асады. Қазақстандағы жылыжайдың 70%-ы орналасқан өлкеге биыл 229,9 млрд теңге инвестиция тартылды.

Батырхан Құрмансейіт, Оңтүстік Қазақстан облыстық басқарма басшысы: 

- Бұл форумның мақсаты – осы ЕХРО-ға қатысушыларға Оңтүстік Қазақстанның мүмкіндіктерін таныстыру. ЕХРО-ға қаншама шетелдік компаниялар, технологиялар қатысып отыр. Осы технологияларды қойып отырған компанияларды әр өңір өзіне тартуы керек. Біз үшін ЕХРО – үлкен мүмкіндіктердің бірі. Осы мүмкіндікті біз пайдаланып қалуымыз керек.