Оңтүстік Корея павильоны дизайны жағынан үздік үштікке енді

3 ай бойы Астана тұрғындары мен қонақтарын қуантып келген EXPO-2017 көрмесінің бүгін шымылдығы жабылмақ. Әлем назарын өзіне аударған ауқымды іс-шараның қортындысы ретінде күні кеше үздік павильондар марапатталды. Солардың қатарында Оңтүстік Корея плазасы өзінің дизайнымен ерекшеленді.

Дизайны жағынан және көлемі 700 шаршы метрден асатын павильондар арасында өткен байқау қорытындысы бойынша Оңтүстік Корея павильоны үздік деп танылып, қола медальді иемденді.

Бұл павильонда 3 зал қамтылған. Біріншісінде Оңтүстік Корея еліндегі баламалы қуат көздерінен құралған анимациялы деректі фильмді көрсетеді. Ол суретшінің қолынан туындаған жұмыстар.

Екінші залда шағын мультипликациялық туындылар көрсетіледі. Және бұл туынды шағын театрландырылған қойылыммен үйлесім тапқан. Оның тақырыбында күнделікті қолданылатын бензиннен бас тартып, баламалы қуат көзіне басымдық беру айтылған. Осы тақырып негізінде қазақ жігіті мен кәріс қызының арасындағы махаббаты баяндалады.

Ал үшінші залда әрбір келушіге қолына планшет беріліп, сол планшет арқылы алдында тұрған интерактивті талдарға жақындап, өздері баламалы қуат көздерінен тұратын станцияларды іске қоса алады.

Жалпы 3 ай ішінде бұл павильон 500 мыңға жуық қонақты қабылдаған. Бүгін сағат 4-те дәл сол 500 мыңыншы келуші бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады.