Әлемге әйгілі тұлғалар студенттерге дәріс оқыды

Астана экономикалық форумына келген атақты стартапер - Крис Бартон бүгінгі алқалы жиынан соң Назарбаев Университетінің студенттерімен кездесті.

Сұхбат барысында ол оқу ордасындағы жастарға жаңа технологиялар тақырыбында дәріс оқыды. Атап өтейік, Крис Бартон – әлемге әйгілі Shazam мобильдік қосымшасының негізін қалаушы. Shazam – кез келген ән мен оны орындайтын адамның аты-жөнін анықтап беретін қосымша. 8 жыл бойы Microsoft, Google секілді алпауыт компанияларда еңбек еткен Крис Бартон Қазақстандағы жаңа технологияның аяқ алысына да оң баға берді.

Крис Бартон, Shazam мобильді қосымшасының негізін қалаушы:

– IT саласы бүкіл әлемде жан-жақты дамып жатыр. Қазақ жеріне келіп, сіздер де бұл бағытта қыруар іс атқарып жатқандықтарыңызға куә болдым. Әсіресе мені жастардың IT технологияға деген қызуғушылығы қуантты. Бүгін Назарбаев университеті студенттерінің осы тақырып төңірегінде көптеген сауалына жауап бердім.

Ал Сингулярлық Университет өкілдігінің басшысы Евгений Кузнецов форумнан соң Лев Гумилев атындағы Еуразия университеттің студенттерімен кездесіп, түрлі тақырыпта ой-пікірін ортаға салды. Әңгімеге арқау негізгі мәселе – экономика саласындағы жаңа технологиялар. Айта кетейік, Астана экономикалық форумына арнайы келген атақты тұлғалардың мұндай дәрісі жоғары оқу орындарында ертең де жалғасады.

Бибінұр Орынбаева, студент:

– Евгений Кузнецовтың дәрісі маған жақсы әсер қалдырды. Және де ол көбінесе экономика саласындағы технологиялардың дамуы жайындағы көптеген жаңалықты бізге ашып берді.