«Samruk-Kazyna Trust» қорының инклюзия кабинеттері: ерекше балаларға жаңа мүмкіндік
«Самұрық-Қазына» қорының бірыңғай қайырымдылық операторы - Samruk-Kazyna Trust бастамасымен бүгінде ел бойынша жалпы білім беретін мектептерде 31 инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді.
Мұнда ерекше білім беру қажеттілігі бар 2 мыңнан астам бала мамандардың кешенді қолдауын алып, мектепке бейімделу мүмкіндігіне ие болды. Биыл Ақтөбе мен Семей қалаларында тағы 15 кабинет ашылып, 900-ге жуық балаға сапалы көмек қолжетімді болады.
Жаңа кабинеттердің басым бөлігі Charity Samruk Marathon қайырымдылық марафонында жиналған қаражат есебінен ашылады. Биыл төртінші рет өткен марафонға 3 мыңға жуық адам қатысып, 50-ден астам серіктес қолдау көрсетті. 15 кабинетті жабдықтауға 524 миллион теңге бағытталады.
Бүгінде мектептердің көпшілігінде әсіресе өңірлерде ерекше балалар үшін бәрінде бірдей тиісті қолайлы орта жоқ.
Бастама мақсаты - ерекше балаларды қоғамнан оқшауламай әлеуметтендіру. Балалар бүкіл уақытын тек оңалтуға жұмсамай, мектепке барып, қатарластарымен араласып, толыққанды балалық шақты сезінуі тиіс.