Қазақстан мен Вьетнам сауда-саттықты нығайтпақ

Еліміз мұнай-химия өнімдерін жөнелтетін мемлекеттің бірі Вьетнам. Оңтүстік-Шығыс Азиядағы серіктес елмен ынтымақтастық алдағы уақытта жандана түспек. Осы аптада Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Вьетнам Коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы То Лам, Олжас Бектеновпен кездесті. Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Атап айтқанда еліміз 35 тауар аталымы бойынша Вьетнам нарығына жеткізу көлемін ұлғайтуға дайын. Олардың ішінде мұнай-химия, металлургия, химия, машина жасау, тамақ өнеркәсібі және басқа да өнімдер бар. Агроөнеркәсіп саласында да оң серпін байқалады. Екіжақты сауда былтыр 3,5%-ға ұлғайып, отандық өнімдерді жеткізу көлемі 15 есеге артты. Келіссөздер кезінде заманауи агротехнологияларды енгізу үшін тәжірибе алмасу мәселесі пысықталды. Сондай-ақ, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту жайы да қаралды. Орта дәліз Вьетнамнан жүктерді жеткізу мерзімін қысқартуға мүмкіндік береді, тиісінше арадағы сауда-саттықты арттыруға ықпал етеді.