Биыл елде 937 сыбайлас жемқорлық дерегі анықталды

Елде жыл басынан бері мыңға жуық сыбайлас жемқорлық фактісі анықталды, деп хабарлайды 24kz.

Ең жиі кездесетін құқықбұзушылық – пара беру. Одан кейін қаражат жымқыру және қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану дерегі тұр. Мұндай қылмыстардың дені Шымкент, Астана қалалары мен Алматы облысында тіркелген.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес – қоғам мен мемлекет деңгейінде талқыланатын маңызды мәселелердің бірі. Бұл ретте қылмыс саны азайғанымен, кеселді түбегейлі жою туралы айту әлі ерте. Биыл сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі 937 парқорлық дерегін тіркеген. Дені білім беру саласында анықталған. 

Жігер Байділдин, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі превенция қызметі басшысының орынбасары:

- Педагогтардың еңбекақы төлеу қорынан қаражат жымқырудың жүйелі фактілері ашылды. 2023 жылдан бастап 302 қылмыстық іс тіркелген. Олар бойынша залал мөлшері 17 млрд теңгені құрады. Қазірдің өзінде 230 адам сотталды. 100 қылмыстық іс сотта қаралуда. Бұлар бойынша 2 ұйымдасқан қылмыстық топтың қызметі тоқтатылды.

Ақша жымқырғандардың дені Шымкент, Астана қалалары мен Алматы, Шығыс Қазақстан, Қарағанды өңірлерінде. «Тағы Абай мен Жетісу облыстарында да парақорлықпен ұсталғандар көп», - дейді, агенттік өкілдері.

Данияр Биғайдаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі:

- Тұрақты ұйымдасқан қылмыстық топ 2020 жылдың қаңтары мен 2023 жылдың наурыз аралығында Талдықорған қаласының аумағында құқықбұзушылық іс-әрекеттерімен айналысты. Ұйымдасқан қылмыстық топ қатысушылары білім беру саласында нақты жұмыс істемеген жеке тұлғаларға, сондай-ақ өздерінің жеке шоттарына жалақыны заңсыз аудару арқылы 4,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Қылмыстық топтың ұйымдастырушысы 15 жылға оның қатысушылары 9 жылдан 13 жылға дейін бас бостандығынан айырылды.

Бюджет ақшасын жымқыруда резонанстық істер де жоқ емес. Солардың бірі – Алматы әуежайының басшысына қатысты қылмыс. Ол өзінің сыбайластарымен бірге украиналық ұшаққа жанармай құю кезінде екі шығын ордерін рәсімдеп, авиаотын мөлшерін орта есеппен 5 тоннаға артық көрсеткен. Осындай заңсыз әрекеті үшін ол 8 жылға бас бостандығынан айырылды. Ал Сәтпаев қаласының бұрынғы әкімі кәсіпкерден 10 млн теңге пара алғаны үшін істі болып, ақыры темір торға тоғытылды.

Соңғы кезде қазақстандықтардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы белсенділігі де артып келеді. Биыл осындай бұзушылықтарды хабарлағаны үшін 87 адам марапатталған. Оларға жалпы сомасы 31 млн теңге сыйақы берілді. Агенттіктің мәліметінше, белсенді азаматтар көбіне пара талап ету, қызметтік өкілеттілікті асыра пайдалану, қамқорлық көрсету және мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылықтар туралы хабарлаған. Марапатқа ие болған азаматтардың дені Қарағанды, Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарында екен.

Авторы: Риат Шони