Жасыл экономика. Еліміздегі дәнді дақыл тұқымдарының қоры
100 немесе 1000 жылға дейін сақталған өсімдіктен таза өнім алу мүмкін бе? Өсімдіктер түрлілігі мен қалпын сақтап, оны келешек ұрпаққа қалай жеткізуге болады?
Жалпы өсімдік тұқымдарының банк қорын құру оңай шаруа емес. Бүгінде елімізде ғалымдар осы бағытта түрлі ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Мәселен бір ғана Ботаника және фитоинтродукция институты іргесінде 8 ғылыми зертхана жұмыс істейді. Осы уақытқа дейін институт мамандары еліміздің 30-ға жуық флористикалық аймағын зерттеп үлгерді. Жабайы өсімдіктердің тұқымы ашық алаңдарда жиналып, институтқа әкелінеді. Содан кейін олар зерттеліп, атау беріледі.
Өсімдіктердің табиғатта сақталуы үшін тынбай еңбек етіп жатқан тағы бір институт бар. Ол Биология және өсімдіктер биотехнологиясы орталығы. Онда мамандар өсімдіктерді бастапқы қалпында немесе -196 градустағы сұйық азотта сақтайды. Қысқа немесе ұзақ мерзімде сақталған мұндай генетикалық кодтан таза материал алуға болады дейді олар. Демек бұл апорттың, алмұрттың немесе басқа да жеміс-жидектердің ешқандай өзгеріске ұшырамаған түрін алу деген сөз. Институт қазір бірнеше жобаны қолға алған. Олар қалай жүзеге асырылып жатыр? Толығырақ бағдарлама барысында тарқатамыз.