Жігерлі жүрек. Шебердің қолы ортақ
Бүгінгі кейіпкеріміз Жанболат Бейсенбаевтың қолынан шыққан бұйымдар көрмеге қойылады.
Ол біздің ою салып, өрнек тігуді тек әйелдер ғана жасайды деген пікірімізді өзгертті. Тігін тігуді 7 жасында анасынан үйренген. Бала кездегі әуесқойлық оны бүгінде шын шеберге айналдырды.
Жанболаттың өмірі ата-анасы дүниеден озып, қарындастарынан аяқ астынан көз жазып қалған кезде түбегейлі өзгерді.
Бүгінде ол Көкталдағы Қарттар мен мүгедектерге арналған медициналық-әлеуметтік мекемеде тұрады. Жанболат мұнда емделіп жүр. Оның омыртқасы қисайып біткен. Дүние есігін ашқанда байқалмаған бұл сырқат, жасөспірім кезінде сыр берген.
Ұзақ жылдар бойы аспазшы болған ол осында келгелі қайтадан бұрынғы кәсібін қолға алды. Жанболаттың қолынан шыққан бұйымға тапсырыс көп. Алға қойған мақсаттары жетерлік. 56 жастағы азаматтың ендігі арманы отбасын құру. Жеке шеберхана ашсам деген ниеті де бар. Кейіпкеріміз жайлы толығырақ бүгінгі шығарылымда баяндаймыз.