424,63 504.55 5.80
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Шілдеде «Хабар» арнасынан «Ғашықтар» телехикаясы көрерменге жол тартады

  • 2144
  • UPD: 10:55, 30.05.2018

«Хабар» телеарнасында жаңа телехикая. Шілде айында Ілияс Есенберлин романының желісі бойынша түсірілген «Ғашықтар» телесериалы көпшілік назарына ұсынылады.

Ол Астананың 20 жылдығы мен романның жарыққа шыққанына 50 жыл толуымен орайластырылып отыр. Дәл қазір телтуындының соңғы түсірілім жұмыстары жүріп жатыр.

Ілияс Есенберлиннің «Ғашықтар» романында жастардың жалынды да адал махаббаты, моральдық пен адамгершілік сыңды құндылықтары сипатталған. Картинаның режиссері Самат Шәріпов осы қасиеттерді сақтай отырып шығармаға бүгінгі заман реңін беруге тырысыпты. Ол жаңартылған сюжет желісін экранға шыққанша құпияда сақтауды жөн көріп отыр.

Гүлбаршын Әбуова, «Ғашықтар» телесериалының екінші режиссері:

- Жүгі ауыр. Романға негізделгеннен кейін жүгі ауыр болып тұр. Көрермендерге айтарым киноны көріңіздер. Біз махаббатты көрсетеміз. Махаббат әртүрлі ғой. Шынайы махаббат болуы мүмкін, ол құмарлық та болуы мүмкін. Екі мәселе көтеріледі. Жеңіл-желпі сериал емес.

Басты рольдегі Жантасты Азат Тұрарбеков, Аяужанды Гүлмира Хасанова, Шерубайды Азат Сейтметов сыңды актерлар сомдайды. Оқиға Астана мен Алматы қалалары және де Бурабай демалыс орнында өрбиді. Қазір Астанада негізгі кейіпкер Базаргүл мен оның ғашығы Әбілқастың кездесу сәттерінің бірі түсіріліп жатыр.   

Ербол Ыдырысов, актер:

- Менің сомдап жатқан рөлім Әбілқас деген кейіпкердің ролі. Менің кейіпкерім көбінің айтуы бойынша жағымсыз. Бірақ мен романда ондайды көріп тұрған жоқпын. Өзінің көрсететін жақсы қырлары болады.

Телехикая 12 сериядан тұрады. Оның түсірілуі мен монтаждалуына 30-ға жуық маман жұмылдырылған. Ұжым жастық пен албырттық сезімдеріне толы, адамгершіліктің биік шыңы суреттелген шығарманы қалай бере алғанын көп ұзамай тамашалайтын боламыз. 

Авторлары: Әсел Басшыбек, Сайлаубек Игіліков

Хабар 24 телеарнасы