369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астананың 20 жылдығы Түркияда кең көлемде аталуда

  • Read 315 times
  • Media
Астананың 20 жылдығы Түркияда кең көлемде аталуда

Түбі бір бауырлас түрік елінде елордамыз – Астананың 20 жылдық мерекесіне арналған мәдени шаралар жалғасуда.

Бұл жолы Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы, Атырау музыка колледжінің өнерпаздары, анкаралық өнерсүйер қауымға естен кетпес концерт сыйлады. Мерекелік кешті Түркияның басты телеарнасы – ТРТ тікелей эфирден көрсетті. Осылайша экранның арғы жағында отырған миллиондаған көрермен қазақтың әсем әні мен тәтті күйін тыңдап, құлақ құрышын қандырды.

Бұл күндері елордамыздың 20 жылдығы Түркияда кең көлемде тойланып жатыр. Астананың құрметіне орай ұйымдастырылған мерекелік іс-шараларға түрік елінің мемлекет қайраткерлері, зиялы қауым өкілдерімен бірге жергілікті тұрғындардың да ықыласы өте зор. Осыған орай елшіліктің ұйытқы болуымен өткен ән кеші ұлы дала сазына шөліркеген Түркияның өнерсүйер қауымына арналды. Концертте сөз сөйлеген түрік саясаткерлері Анкара мен Астананың тағдыры егіз, қос қала да ұлт көшбасшыларының қолтаңбасынан шығып, елдік пен бірліктің, рухани тұтастықтың символына айналғанын мақтанышпен атап өтті.

Ялчын Топчу, Түркия президентінің бас кеңесшісі:

– Астананың 20 жылдық мерекесін Мағжан Жұмабаев жырлағандай, алыстағы бауырлар болып, бүгін Анкарада кеңінен атап өттік. Атажұртымыздың ыстық сәлемі мен сағынышын әсем әнмен жеткізген дауылпаз өнерпаздардың шеберлігіне ерекше тәнті болдым. Осындай ұмытылмас кеш ұйымдастырған Қазақстан елшілігіне зор алғысымды білдіремін. Астана – келешегі кемел, жасампаз қала. Ол аймақтық және халықаралық іс-шараларды табысты өткізуі арқылы жаһандық тұрақтылық пен қауіпсіздікке өлшеусіз үлес қосып отыр. Сол себепті әлемдік саясатта Астананың мәртебесі асқақтап тұр деп нық сеніммен айта аламыз.

Гүлнар Сәдуақасова, Атырау музыка колледжінің директоры:

– Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы, Атырау музыка колледжінің оқытушылары мен студенттері Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы аясында және елордасы Астана қаласының 20 жылдығына орай Түркия мемлекетінің астанасы Анкараға іссапармен келіп, шығармашылық кешімізді өткіздік. Түркия халқымен өзіміздің қуанышымызды бөлісіп, бүгін сахнада ыстық ықыласқа бөлендік деп сенемін.

Бүгінгі мерекелік кеште халық әндерінен бастап, әлемдік классиканың үздік туындылары және Қазақстан мен түрік композиторларының әндерінен тұратын 20-дан астам шығарма орындалды. Концерттік бағдарлама бастан аяқ түрік телевизиясының қарашаңырағы есептелетін ТРТ Аваз арнасынан тікелей эфирде көрсетілді. Телеарнаның ақпарат тарату ауқымы Түркиямен ғана шектелмей, түркітілдес мемлекеттерді де толық қамтиды. Сондықтан отандық әншілеріміздің өнерін миллиондаған көрермен тамашалауға мүмкіндік алды.

Мерве Арслан, Анкара қаласының тұрғыны:

– Астананың 20 жылдығына арналған концерт жоғары деңгейде өтті. Бүгінгі кешке дос-жарандарыммен арнайы келдім. Келе алмаған туыстарыма ТРТ арнасын қосыңыздар деп смс жаздым. Олар да мен сияқты тамашалап отырса керек. Қазақ тілін толық түсінбесем де, әннің құдіретті әуені көңілді тербеп, керемет әсерге бөледі.

Мерт Юксель, Анкара қаласының тұрғыны:

– Қазақстандық өнерпаздардың концертіне алғаш қатысуым. Әкемнің шақыруымен отбасымыз түгел келді. Маған халық аспаптарынан құралған оркестрдің ойнаған әні өте қатты ұнады. Өнер ұжымының шеберлігіне ерекше тәнті болдым. Астананың 20 жылдығымен қазақстандықтарды құттықтаймын, анкаралықтардың ақ тілегі мен ыстық сәлемін қабыл алыңыздар.

Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжі өнер ұжымының концерті анкаралық талғампаз көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Алда әлі бауырлас Түркияда елордамыздың мерейлі мерекесі өзге де мәдени шаралармен толыға түспек.

Авторлары: Ержан Жүніс, Седат Денли

Media

back to top
Хабар 24 телеарнасы