374,05 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астана құрылысын жоспарлаған Жапония сәулетшісі туралы не білеміз?

  • Read 290 times
  • Media
Астана құрылысын жоспарлаған Жапония сәулетшісі туралы не білеміз?

Осыдан 20 жыл бұрын арқа төсіне ауысқан астананың концепциясын құру үшін 47 шығармашылық ұжым бақталасты.

Бірақ бір ғана сәулетшінің жобасы Қазақстан Президентінің көңілінен шықты. Осылайша, еліміздің бас қаласы жапон архитекторы Кисё Курокаваның концепциясы бойынша салынды.

Ғасырлар тоғысында Астана астана болып, арқа төсі алып құрылыс алаңына айналды. Енді орталық қаланың бас жоспарын құру керек. Елорда концепциясын ұсыну мүмкіндігі әуелі қазақстандық сәулетшілерге бұйырды.

Бірақ байқауға қатысқан 17 шығармашылық ұжымның жұмыстары Қазақстан Президентінің көңілінен толық шыққан жоқ. Сөйтіп, халықаралық конкурс жарияланды. 47 жобаның ішінен белгілі жапондық архитектор Кисё Курокаваның еңбегі Нұрсұлтан Назарбаевтың көңілінен шықты.

«Сіздің уақытыңыздың тапшылығына қарамастан, менімен кездескеніңіз және жүздесу барысында Жапония премьер-министрі Обутидің жолдауын қолыңызға тапсыру мен үшін үлкен мәртебе болды. Байқаулық жобалар көрмесінде танысқан басқа жұмыстарға қарағанда, менің жобамның ерекшеленетініне сіздің назарыңызды аударғым келеді», – деп жазды Курокава Елбасыға.

Курокава бастаған Астана құрылысының негізгі идеясы – қала мен табиғаттың үндестігі. Бұл үйлесімділік Мемлекет басшысына ұнағаны соншалық, кейін Елбасы елорданы жасыл желекке орауды ұсынып, бұл ойын жүзеге асырады.

Кисё Курокава – жапондық белгілі сәулетші. 1934 жылы Жапон империясының Нагоя деген жерінде дүниеге келген. Киото, Токио университеттерінде білім алды. Ал 2007 жылы 73 жасында ажал құшты.

Йюжи Имайо, К.Курокаваның шәкірті, сәулетші:

– Курокава мырза 1998 жылы елорданың бас жоспарын құру мүмкіндігін жеңіп алды. Содан бері Астананың астана ретінде қалыптасу жолында еңбек етті. Бүгінде орталық шаһардың сәулеті дәл Кисё құрғандай күйінде сақталған. Белгілі сәулетші қаланың бас жоспары әр 5 жыл сайын қайта қаралып отыратынын білген. Соған қарамастан, ол Астананың 100 жылдан кейінгі бейнесін болжап жасады.

Малайзия астанасындағы «Куала-Лумпур» халықаралық әуежайы, Жапонияның Осака қаласындағы Ұлттық этнология музейі, Санкт-Петербургтегі футбол стадионы – мұның бәрі Кисё Курокаваның қолынан шыққан сәулеттік туындылар.

Қазақстанның бас қаласы да әлемге әйгілі бұл ғимараттар секілді Курокаваның сәтті шыққан архитектуралық композициясына айналды.

Авторы: Ж.Біркенов

Media

back to top
Хабар 24 телеарнасы