374,84 425.15 5.62
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Гаагада елімізге арналған фотокөрме ұйымдастырылды

  • Read 190 times
  • Media
Гаагада елімізге арналған фотокөрме ұйымдастырылды

Астананың 20 жылдығы қарсаңында Гаагада «Беймәлім Қазақстан» фотокөрмесі өтті.

Аталмыш шараны еліміздің Нидерландыдағы елшілігінің қолдауымен Қазақстанның Тұңғыш президент қоры ұйымдастырды. Экспозицияға Нидерланд парламенті депутаттары, корольдіктің үкіметтік, дипломатиялық және іскер топ өкілдері қатысты.

Гаагада Қазақстанның көркем табиғатын паш еткен  фотокөрме өтті. Экспозцияның жеке бір бөлігі жас Астананың қалыптасуына арналған. Фотокартиналар арқылы еліміздің сұлу табиғаты мен бас қаланың қарқынды дамуына басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік туды. Экспозиция қонақтары Астананың халықаралық дипломатия мен бітімгершілік және заманауи технология мен инвестиция дамуының орталығы ретіндегі маңызды ролін атап өтті.

Сандер Янссен, Нидерланд СІМ департаменті директорының орынбасары:

- Нидерланд мен Қазақстанның сауда-саттық саласындағы ынтымақтастығы көңіл қуантады. Ауыл шаруашылығында әріптестік орнатуға екі тараптың  әлеуеті жеткілікті. Фотокөрмені көрген соң, туризм саласында да ынтымақтастық орнатуға құлшынысымыз оянды. Суреттер Астананың ғажап қала екенін көрсетті. Сәулет тұрғысынан керемет қала, тұрғындарға да өте ыңғайлы салынған. Халқы тығыз қоныстанған елдің өкілі ретінде, мен Қазақстанның тұмса табиғатына, кең даласы мен сұлу көркіне тамсандым. Астана - қыдырып баруға тұрарлық ғажап қала. 

Бассам Саббах, Нидерландтағы Сирия Араб Республикасының елшісі:

- Мен сіздерді осы әдемі көрменің ашылуымен құттықтаймын! Мен бірнеше рет Астанаға бардым, ол заманауи, жаңа қала болғанымен, оның өзіндік ұлттық бояуы бар. Қазақстан мен Сирия бай тарихи қатынасқа ие: екі ел де Ұлы Жібек жолының бойында жатыр, Дамаскте қазақ халқының ұлы тұлғалары - Әл-Фараби мен Әз-Захир Бейбарыс жерленген. Бұл қос халықтың тарихи және мәдени саласындағы берік қатынасына негіз болады. Біз Қазақстан үкіметіне сирияаралық келіссөз жүргізгеніне ризашылығымызды білдіреміз. Астана - деэскалация аймағын құру үшін оң нәтижеге жеткізген бірнеше раундтың алаңы болды. 

Дәстүрлі қазақ әуендері мен түрік мақамын орындаған әйгілі қазақстандық «Роксонаки» этно-рок тобы кеш көрігін қыздыра түсті.

Дильёр Хакимов, Өзбекстанның Бенилюкс елдеріндегі төтенше және өкілетті елшісі:

- Қазақстан өзінің ұлттық мемлекеттілігі тұрғысынан дамып қана қоймай, сондай-ақ Астананы салу бойынша жаңа инновациялық қарым-қатынастың үлгісін көрсетіп келеді. Астана бүгінгі күні тек Қазақстан ғана емес, сонымен бірге біздің аймақтың да символы және мақтанышы болып отыр. Өйткені бұл Орталық Азияға және біздің аймақтың қалай дамып жатқанына басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік берді. 

Мағжан Ілиясов, Нидерландтағы ҚР Төтенше және өкілетті елшісі:

- Бүгінгі кештің тағы бір елеулі оқиғасы – Астананың 20 жылдығына арнап, Голландияда шығарылған «Arman Qala» атты қызғалдақтың ресми таныстырылымын өткіздік. Осы қызғалдақ баданасының алғашқы партиясы Астана халқы мен тұрғындарын қуанту үшін елге жіберіледі. 

Голландиялық бизнес өкілдері капиталдың ағыны мен жаңа қаржылық технологияларды дамытудың бірегей алаңы болып табылатын «Астана» халықаралық қаржы орталығын құрудың маңыздылығын атап өтті. Және екі жақты өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға сенім білдірді.

Авторлары: Жанат Эрнст, Жомарт Ахметов

Media

back to top
Хабар 24 телеарнасы