365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Елбасы: Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі

  • Read 818 times
Елбасы: Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі

«Өңірлердің Астанаға тартуы» бағдарламасы аясында Маңғыстау облысы қайта жөндеуден өткізген қалалық Достық үйін сыйға тартты. Қазақстан Президенті елорданың этномәдени орталықтарының өкілдерімен және Маңғыстау облысының көрнекті қоғам қайраткерлерімен әңгімелесті.

– Еліміздің барлық өңірінде Достық үйлері бар. Онда облыстардың этномәдени бірлестіктері жұмыс істейді. Енді бас қаланың да Достық үйі болады. Сіздерді осы айтулы оқиғамен құттықтаймын! – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов Мемлекет басшысына Достық үйінің эскиздік жобасын таныстырды. Онда кітапхана, музей, халықтық қолданбалы өнер шеберханалары, конференц-зал және тілдерді оқыту орталығы үшін арнайы орындар қарастырылған. Ғимараттың жалпы аумағы – 4 мың шаршы метр.

Мемлекет басшысы қаладағы жаңа нысандармен танысу барысында елорданың 20 жылдығына орай Алматы облысы қайта жөндеуден өткізген «Жетісу» саябағына барды.

Облыс әкімі А.Баталов Нұрсұлтан Назарбаевқа саябақта Алматы облысының көрнекті орындарының бәрі көрініс тапқанын айтты. Оның кіре берісінде Жетісуді бейнелейтін жеті арка, субұрқақтары бар басты аллея орналасқан, сондай-ақ тау сілемдерінің көрінісі және киіз үйге ұқсас орын-жайлары бар «Апорт» алаңы, түрлі жастағы балаларға арналған «Тенгри» алаңы, шаған аллеясы, «Тамғалы тас» петроглифтері бейнеленген тастар және Шарын шатқалының үлгісі бар.

Қазақстан Президенті мен көрермендер үшін сахнада Алматы облысының танымал әртістері және этномәдени орталықтарының өкілдері өнер көрсетті. Шараға қатысушылар алдында сөз сөйлеген Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысы Астананың мерейтойына керемет саябақ тарту еткенін және оның елорда тұрғындарының сүйікті демалыс орнына айналатынын атап өтті.

– Бүгінде барлық облыстар көмек көрсетіп, қолдау білдіріп жатыр. Өйткені, Астана – бүкіл Қазақстанның жетістігі. Бас қала құрылысына өңірлердің бәрі атсалысты және қазір мұнда еліміздің әр түкпірінен келген адамдар өмір сүреді. Біз ХХІ ғасырда ғаламат дүниені бірге жасадық. Адамзат тарихында мұндай қалалар ешқашан 20 жылдың ішінде салынбаған. Ал, біз салдық! – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев сөзінің соңында облыс басшылығы мен құрылысшыларға ризашылық білдірді және шараға қатысушылардың бәрін алдағы елорда күнімен құттықтап, бақ-береке тіледі. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев қаланың Алматы ауданында орналасқан «Жерұйық» саябағын аралап көрді. Онда Елбасыға 19 жыл бұрын өзі отырғызған алғашқы ағаш көрсетілді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Есіл өзенінің үстінен салынған жаяу жүргіншілер көпірін де көрді. Елбасы бұл аспалы көпірмен алғашқы болып жүріп өтті. Жаңа нысан - Астананың 20 жылдық мерейтойына Атырау облысының тартуы. Сондықтан көпірдің ерекшеліктерін Елбасыға аймақ әкімі Нұрлан Ноғаев пен Астана әкімі Әсет Исекешев баяндады.

Самал ауданы мен Амфитеатрды байланыстыратын жаяу жүргіншілер көпірінде арнайы велосипед жолағы бар. Құрылыстың ұзындығы 300 метр, салмағы 2,5 мың тонна, үсті пішіні жағынан бір-бірін қайталамайтын 2450 жапырақпен көмкерілген. Көпір жобасын Астананың урбанистика орталығы әзірлеген. Елбасы атыраулықтардың сыйлығын жоғары бағалап, елорда - күллі қазақстандықтардың еңбегі екенін атап өтті.

 

back to top
Хабар 24 телеарнасы