369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Сыр өңірінде Астананың 20 жылдығына орай іс-шаралар ұйымдастырылды

  • Read 250 times
  • Media
Сыр өңірінде Астананың 20 жылдығына орай іс-шаралар ұйымдастырылды

Тарихтан мәлім, Ақмешіт атырабы – сақ пен оғыздың орталығы болған көне шаһарлар мекені.

Сыр өңірін ғалымдар төрт өркениеттің төрі болған деп тегін айтпаса керек. Астаналар сабақтастығының бастауында тұрған Сыр өңірі де елорданың 20 жылдығына бірқатар мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Солардың бірі облыстық тарихи-өлкетану мұражайында өтіп жатыр.

Мұндағы басты ерекшелік – «Арайлы менің – Астанам!» тақырыбындағы интерактивті көрме. Мұражай қызметкерлері бас қаланың өткені мен бүгінін, тарихы мен жетістіктерін көпшілік назарына ұсынды. Елорданың 20 жыл ішіндегі әлемге әйгілеген толайым табыстарын жас ұрпақ жақсы білуі тиіс. Сондықтан тарихи өлкетану музейінің бүгінгі басты қонақтары балалар болды. Өнерге құштар өрендер еңселі елорда келбетін сөз маржанымен өріп, өлең-жырдан шашу шашты.

Ұйымдастырушылар «Астана күніне орай балғындарға арналған тартуымыз мұнымен толастамайды», – дейді.

Әйгерім Бекқұлова, облыстық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері:

- Бүгінде елордамыз әлемге бейбітшілік мекені ретінде таныла түсуде. Астанада жыл сайын түрлі тарихи шаралардың өтуі дәстүрге айналған. Және осындай жаһандық жиындар еліміздің дамуына орасан зор ықпалын тиігізуде. Міне, осынау жетістіктерді түрлі өнер, білім байқауларымен ұштастыра отырып, танымдық шараларды алдағы бірнеше күн бойы өткізуді жоспарлап отырмыз.

Айшабибі Ерланқызы, қала тұрғыны:

- Біз бүгін Астананың дүниедегі ең сұлу қалалардың бірі ғана емес, оның әлемде өзіндік орны бар екенін де білдік. Мен Астанада өткен ЕХРО көрмесін тамашалаған болатынмын. Және бүгінгі интерактивті көрмеде оның бүкіл жер жүзі үшін қандай пайдасы болғанын тереңірек ұғындым.

Сондай-ақ айтулы мереке қарсаңында «Ел жүрегі – Астана» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Жиында тәуелсіздік символына айналған елорданың саяси ұлт қалыптасуының ұйытқысы ретіндегі рөлі кеңінен сөз болды. Ғалымдар жарқын болашақтың жаңа мүмкіндіктерін сыйлаған EXPO көрмесіне тоқталып өтті. Тағылымды шаралар тізбегі облыстық патриоттар форумына ұласты. Туған жерді түлетуге атсалысқан еңбек майталмандары, ерлігімен, батылдығымен, еңбекқорлығымен танылған және қоғамнан көмегін аямаған тұлғалар «Жыл патриоты» номинацияларымен марапатталды.

Елорданың туған күнінде Сыр бойын ен жайлаған түрлі ұлт өкілдері ән-жырдан шашу шашпақ. Және аймақ жастары флешмоб өткізеді.

Авторы: Нұрлан Жақыпбеков

Media

back to top
Хабар 24 телеарнасы