365,48 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Астанаға 20 жыл: «Хабар» арнасы мерекелік бағдарламалар ұсынады

  • Read 338 times
  • Media
Астанаға 20 жыл: «Хабар» арнасы мерекелік бағдарламалар ұсынады

Елорданың 20 жылдығына орай «Хабар» арнасы мерекелік бағдарламалар легін әзірлеп қойды.

Телекөрермен бұл күндері сан алуан жанрды қамтыған хабарлар мен фильмдерді тамашалай алады. Шынайы оқиғалар мен шығармаларға негізделген картиналардан бастап, тарихтан сыр шертетін деректі фильмдер де ұсынылмақ. Ал ән сүйер қауым қазақ эстрадасы жұлдыздарының концертін көріп, құлақ құрышын қандырар әуезді әуен арқылы шат-шадыман көңілге бөленеді.

Бас шаһарымыздың мерейтойына орай «Хабар» агенттігі жылдағы дәстүр бойынша көрермендерге мерекелік эфирін тарту етеді. Жуырда ғана тұсаукесері өткен «Ғашықтар» сериалы «Хабар» арнасынан көрермен назарына ұсынылады. Ілияс Есенберлиннің романы желісімен түсірілген тың туынды дүйсенбі мен бейсенбі күндері аралығында сағат 21.30-да көрсетіледі. Онда 1968 жылғы махаббат хикаясы, заманауи көріністе суреттелмек. Ал бүгін және ертең қазақ эстрадасы жұлдыздарының концерті көрсетілсе, ертең телеарна тілшілері дайындаған деректі фильмдер телекөрермен назарына жол тартпақ. Елорданың мәдени және рухани құндылықтарын сақтаудағы рөлі мен көзтартар ғимараттардың маңызы туралы баяндайтын «Өркениет ордасы» атты тележоба 6 шілдеде сағат 18.30-да көрсетіледі.

Ысқақ Егембердиев, «Хабар» Агенттігі» АҚ-ның продюсері:

– Астана қаласының 20 жылдығына тарту ретінде «Өркениет ордасы» атты деректі фильм көрсетіледі. Бұл жерде осыдан 20 жыл бұрын руханияттың, мәдениеттің Астана қаласына көшкендігі, қилы кезеңдері және Астанадағы мәдени ошақтардың қалыптасуы, оның әлемдік аренада орын алуы баяндалады.

Мерекелік эфирді елорда тұрғындары мен қала құрылысына елеулі үлес қосқан маман иелері туралы бағдарлама аралық формат циклі толықтырмақ. Құрылысшылар, инженерлер мен сәулетшілер, дәрігерлер мен ұстаздар қауымы, ғалымдар мен қоғам қайраткерлері Астана тарихына кірпіш болып қалануы жайында әңгімелейді. Сондай-ақ әрбір қазақстандық азамат «Хабар» арнасы эфирінен Астананы құттықтау мүмкіндігіне ие бола алады. Үздік бейнеқұттықтау авторлары «Туған күніңмен, Астана» онлайн-байқауы арқылы анықталады. Телеарнаның танымал жобалары да мерекелік шығарылымдарын әзірлеп қойды. Ал Астана құрылысын жобалау құпиялары мен инновациялық технологиялық шешім қабылдау туралы ертең кешке «Тарту нүктесі» атты деректі фильмінде баяндалады.

Александр Трухачев, «Точка притяжения» жобасының авторы:

– Деректі фильмнің негізі ретінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың эксклюзивті сұхбатын алдық. Деректі фильм осы мегажобаның қалыптасу тарихы жайында емес, қазіргі бейнесі мен алдағы бағыттары туралы болып отыр. 45 минуттық картинаның басым бөлігінде «Ақылды қала» тұжырымдамасына ерекше мән берілген.

Сондай-ақ 7 шілде күні «Хабар» телеарнасында Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы мен «BBС» британдық хабар тарату корпорациясы бірлесіп түсірген екі деректі фильм ұсынылады. Бұл туындылардың бүкіл әлемде және Қазақстандағы алғашқы көрсетілімі болмақ. Сағат 19.25-те «Алтын адам туралы аңыз» фильмі эфирге шығады, картинада сақ жауынгерінің сауыт-саймандары, жалпы белгілі археологиялық олжаның тарихы туралы айтылады. Ал сағат 19.50-де Айша бибі мен Қожа Ахмет Яссауи кесенелері туралы «Ұлы дала аңыздары» фильмінің тұсаукесері болады. Айта кетейік, фильмдер сондай-ақ «BBC» корпорациясының арналарынан да трансляцияланады.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Ермек Кеншімбек

Media

back to top
Хабар 24 телеарнасы