Қазақ жігіті Лондондағы беделді ауданның мэрі атанды

Фото: instagram.com/sanabishev

Қазақстанда туған Санжар Әбішев Лондон қаласындағы беделді Сент-Джеймс ауданының мэрі болып сайланды, деп хабарлайды  «24KZ».  

 Санжар Әбішев  Ұлыбританияның Консервативтік партиясы атынан түскен. Сайлау нәтижесін қазақстандық кәсіпкер Қанат Көпбаев әлеуметтік желіде бөлісті.

«Менің ескі досым, кәсіпкер Азат Абишевтың ұлы Санжар небәрі 33 жаста. Лондондағы атақты Malvern коллежін, сосын университет бітіріп, енді қалалық Westminster City council атқарушы органына мүше болып енді. Консервативті партия өкілі ретінде, бас бәсекелес лейбористерден 350 дауысқа озып шықты. Құтты болсын Санжар Азатұлы, үлкен саяси шыңдардан көріне бер!"- деп жазды   Қанат Көпбаев  өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында.

Қанат Көпбаевтың айтуынша, Санжар Әбішев – оның досының ұлы және Ұлыбританияда мектеп жасынан бері тұрып келеді.

“Қазақ отбасынан шыққан жігіт Ұлыбритания элитасында туыстары мен байланыстары болмаса да, білімінің, тәртібінің және көп жылғы еңбегінің арқасында Лондонның беделді ауданына мэр болды. Бұл – оның жолының басы ғана”, – деп жазды кәсіпкер.

LinkedIn желісіндегі мәліметке сәйкес, Санжар Әбішев Malvern College колледжін және университет тәмамдаған. Әр жылдары британдық компанияларда маркетинг саласында жұмыс істеген. 2016 жылдан бері ірі брендтермен жұмыс істейтін Blue Swallow Group маркетинг агенттігін дамытып келеді. Сонымен қатар 2015 жылы әлеуметтік жобаларды қолдайтын қайырымдылық ұйымын құрған.

Саясатта 2022 жылдан бері жүрген Әбішев 2024 жылы Сент-Джеймс округі бойынша Консервативтік партия төрағасы болған. Сонымен қатар сайлау науқаны кезінде жарақат алып, бірнеше күн пәтерінде жатқан 79 жастағы қарияны құтқарып қалғаны айтылды.