«Жасыл Ел», WorldSkills, AI: студенттерге арналған жазғы жобалар басталды

Фото: depositphotos.com

Жазғы мусымда  388 мың студент түрлі жобалар мен жұмысқа тартылады, деп хабарлайды «24KZ».

 Оқу ағарту министрлігінің мәліметінше Қазақстанда колледж студенттерін жазғы кезеңде жұмыспен қамту, кәсіби тәжірибе жинақтау және қоғамдық белсенділігін арттыру бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Биыл бұл шаралармен 388 мың студент қамтылады.

Атап айтқанда, 98 900 студент мектеп жанындағы және маусымдық орталықтар базасында педагогикалық практикадан өтіп, уақытша жұмыспен қамтылады. Оның ішінде 59 мыңға жуық студент өндірістік тәжірибеден өтсе, 39 900 студент маусымдық жұмысқа тартылады.

Сонымен қатар 2 мың студент WorldSkills оқу-жаттығуларына қатысады. Ал 29 400 жас еріктілер қозғалысы мен «Жасыл Ел» еңбек жасақтары аясында жұмыс істейді.

«Кітап оқитын жастар» жобасына 169 мың студент қатысады. Бұдан бөлек, цифрландыру және жасанды интеллект бағытындағы арнайы курстармен 50 мың жас қамтылады.

Жазғы кезеңде спорттық, мәдени және танымдық іс-шараларға 48 900 студент қатысады деп жоспарланған.

Сондай-ақ колледждер базасында кәсіптік бағдар беру, стартап жобаларды қолдау, кәсіпкерлік дағдыларды дамыту және өндірістік серіктестермен бірлескен шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Мамандардың айтуынша, бұл бастамалар студенттердің еңбек нарығына бейімделуіне, кәсіби құзыреттерін нығайтуына және белсенді азаматтық ұстанымын қалыптастыруға мүмкіндік береді