Қазақстанда жоғары білімге гранттар қысқарып жатыр: бәсеке күшейді
Қазақстанда жоғары оқу орындарына бөлінетін мемлекеттік гранттар саны азайып жатыр. 2026 жылы оқуға түсетін талапкерлер үшін жалпы грант санының азаюы мен өтініш берушілер санының артуы бәсекенің күшеюін білдіреді. Әсіресе сұранысқа ие мамандықтар бойынша конкурс бұрынғыдан да жоғары болмақ, деп хабарлайды «24KZ».
Ғылым және жоғары білім министрлігінің жаңа бұйрығына сәйкес, 2026/2027 оқу жылында бакалавриатқа бөлінетін гранттар шамамен 75,4 мың орынға дейін қысқарады. Бұл – соңғы екі жылда грант санының 3,6 мыңға азайғанын көрсетеді.
Яғни,
2024/2025 оқу жылында мемлекет бакалавриатқа бөлген грант саны - 79 мың,
2026/2027 оқу жылында мемлекет бөлген грант саны - 75,4 мың;
Бұл, жаңа бұйрыққа сәйкес барлық квота мен мақсатты орындарды қоса есептегенде. Осылайша, екі оқу жылы ішінде бакалавриаттағы грант қоры жалпы алғанда 4,6 пайызға қысқарған.
Инженерлік және құрылыс мамандықтарына бөлінетін гранттар 2 670 орынға азайған
Ведомство жыл сайын гранттардың шамамен 60 пайызын техникалық мамандықтарға бөлетінін айтады. Бірақ іс жүзінде дәл осы бағыттар ең көп қысқартуға ұшырап отыр. Биыл ең көп қысқарту инженерия, IT және педагогика бағыттарына тиесілі болды. Инженерлік және құрылыс мамандықтарына бөлінетін гранттар екі жылда 19 мыңнан 16,6 мыңға дейін төмендеген. Бұл 2 670 орынға немесе шамамен 14 пайызға азайған.
Педагогикалық мамандықтар да 1500-ден астам грант жоғалтты
Педагогикалық ғылымдар – грант саны бойынша екінші ірі бағыт. Соңғы екі жылда бұл салада гранттар 13 735-тен 12 228-ге дейін азайған. Бұл 1 507 орынға немесе 11 пайызға қысқару деген сөз.
Педагогика саласында мемлекет қаржыны нақты ғылымдар мен инклюзивті білім беру бағытына көбірек бөліп отыр. Ең көп грант математика пәні мұғалімдерін даярлауға берілген – 1200 орын, ал арнайы педагогикаға 965 орын бөлінген.
Салыстыру үшін айтсақ, бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін оқытуға 65 грант, ал құқық және экономика негіздері мұғалімдеріне 88 грант қана бөлінген.
IT саласында 2025 жылы грант саны көбейгенімен, 2026 жылы қайта қысқарып, 10,3 мың орынға түсті. Ал жаратылыстану ғылымдары мен математика бағыттары ғана аздап өсім көрсетті.
Сонымен қатар мемлекет шетелдік университеттердің Қазақстандағы филиалдарына көбірек грант бөле бастады. Атап айтқанда, Cardiff University Astana, Coventry Kazakhstan және басқа да халықаралық оқу орындарына мыңнан астам грант қарастырылған.
Сарапшылардың айтуынша, грант санының азаюы талапкерлер арасындағы бәсекені күшейтеді.