Балалар күні Астанада қайда тегін қыдыруға болады?
Бүгін Халықаралық балаларды қорғау күніне орай елордада балалар мен олардың ата-аналарына арналған түрлі мәдени, спорттық және танымдық іс-шаралар ұйымдастырылып жатыр, деп хабарлайды «24KZ».
Мерекелік бағдарлама аясында қала тұрғындары үшін концерттер, фестивальдер, спорттық жарыстар мен шығармашылық алаңдар әзірленген.
1 маусым күні III Халықаралық клоундар фестивалі өтеді.
Сағат 12:00-де фестиваль қатысушылары «Бәйтерек» монументінен басталып, «Хан Шатыр» сауда-ойын-сауық орталығының қарсысындағы «Ғашықтар» саябағына дейінгі бульвар бойымен мерекелік шеру өткізеді.
Амфитеатр сахнасында «QosymshaFest» фестивалі ұйымдастырылады.
«Хан Шатыр» сауда ойын-сауық орталығында балалар сән көрсетілімі өтеді.
Сондай-ақ қалада Kids RUN отбасылық жарысы, ерекше балаларға арналған концерттер, инклюзивті сән көрсетілімдері мен қайырымдылық акциялары өтіп жатыр.
Жасөспірімдер үшін ең ерекше іс-шаралардың бірі – халықаралық «Astana FIDA Drone Soccer Championship» дрон-футбол чемпионаты өтеді.
Бұл жарыста қатысушылар арнайы дрондарды басқарып, командалық ойын форматында бақ сынайды. Ауқымды жарысқа Қазақстанның әр өңірінен келген командалар, білім беру ұйымдарының өкілдері, жаттықтырушылар, мектеп оқушылары мен студенттер қатысады. Қатысушылар арнайы қорғаныш корпусы бар дрондарды басқарып, FIDA ережелері бойынша арнайы аренада жарысады.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, чемпионат технологиялық спортты дамытудағы маңызды қадам болып, жастарды STEM бағыттарына, робототехника мен инженерлік білімге тартуға ықпал етеді.
«Бұл Қазақстан үшін тек спорттық іс-шара ғана емес, жастарға арналған жаңа технологиялық бағыттарды дамытудағы маңызды қадам. Дрон-футбол спортты, инженерлік ойлауды және заманауи ұшқышсыз технологияларды біріктіреді. Біз бұл бағыттың елдің білім беру және спорт экожүйесінің тұрақты бөлігі болғанын қалаймыз», – деді Қазақстан дрон-футбол қауымдастығының директоры Алихан Рыспай.
Турнир қорытындысы бойынша жеңімпаздар 2026 жылдың шілде айында Оңтүстік Кореяда өтетін халықаралық жарыстарда Қазақстан намысын қорғау құқығына ие болады.