Иранның ураны Қазақстанда сақталуы мүмкін бе? СІМ жауап берді
Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты халықаралық келіссөздердің барысын мұқият бақылап отыр және барлық тараптар арасында тиісті халықаралық келісімдер жасалған жағдайда техникалық көмек көрсетуге дайын. Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ерлан Жетібаев мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Ерлан Жетібаевтың айтуынша, Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасына қатысты мәселелерді бейбіт жолмен шешуге және халықаралық диалогты қолдауға мүдделі. Сондай-ақ барлық тараптар келісімге келген жағдайда еліміз бұл бағытта техникалық көмек көрсетуге дайын.
«Ядролық қаруы жоқ мемлекет ретінде Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қосылған Қазақстан атом энергиясын тек бейбіт мақсатта пайдалануды қолдайды және оның Халықаралық атом энергиясы агенттігінің жан-жақты кепілдіктері аясында қолданылуын жақтайды», – деді Сыртқы істер министрлігінің өкілі.
Сондай-ақ СІМ ресми өкілі, Қазақстанда орналасқан МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі ұйымның меншігі екенін және оның бейбіт ядролық бағдарламалар үшін ядролық отын жеткізудің қосымша кепілдік тетігі ретінде қызмет ететінін айтты.
Иран ураны мәселесіндегі Қазақстанның ықтимал рөлі туралы пікір білдірген Ерлан Жетібаев бұл мәселеге қатысты техникалық егжей-тегжейлерді талқылауға әзірге ерте деді. Оның сөзінше, мұндай қадам барлық мүдделі тараптардың келісіміне байланысты болады.
«Біз бұл бағыттағы міндеттемелерімізді растап, ізгі ниет негізінде техникалық көмек көрсетуге дайын екенімізді білдірдік. Алайда мұның бәрі тиісті мәселелердің шешілуіне және барлық тараптардың келісіміне байланысты», – деді Жетібаев.
Айта кетейік, бұған дейін МАГАТЭ бас директоры Рафаэль Гросси Қазақстан Иран мен АҚШ арасында келісім жасалған жағдайда байытылған иран уранын қабылдауға дайын екенін мәлімдеген болатын. Оның айтуынша, Қазақстандағы МАГАТЭ-нің Төмен байытылған уран банкі мұндай материалды қауіпсіз сақтауға мүмкіндік береді.