ІІМ: 500 мыңнан астам қазақстандықтың айыппұлы кешіріледі
Қазақстанда әкімшілік құқық бұзушылықтар бойынша рақымшылық жасау жоспарланып отыр. Соның аясында 500 мыңнан астам азаматтың төленбеген айыппұлы есептен шығарылады. Бұл туралы ІІМ министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды «24KZ».
Оның айтуынша, алдын ала есеп бойынша жалпы сомасы 17 миллиард теңгеден асатын 1 миллионнан астам айыппұлға рақымшылық жасалады..
«Кешірілетін айыппұлдардың басым бөлігі жол қозғалысы ережелерін бұзуға қатысты. Яғни жүргізушілердің төленбей қалған кейбір әкімшілік айыппұлдары автоматты түрде жойылады», деді Санжар Әділов.
Алайда рақымшылық барлық құқық бұзушылықтарға бірдей қолданылмайды. Заңсыз есірткі айналымы, қару-жараққа қатысты құқық бұзушылықтар, сот шешімдерімен байланысты істер, сондай-ақ қайталанған немесе қасақана жасалған өрескел құқық бұзушылықтар бұл тізімге кірмейді.
Маңыздысы, азаматтарға айыппұлды кешіру үшін ешқайда барып өтініш жазудың қажеті жоқ. Рақымшылыққа ілінетін айыппұлдар автоматты түрде есептен шығарылады.