Қазақстанда арзан әуе рейстері ашылады: қандай бағыттар қамтылды?
Қазақстандықтар үшін маңызды рейстерге тасымалдаушы іздестіріліп жатыр. Азаматтық авиация комитеті бірқатар субсидияланатын ішкі әуе рейстеріне қызмет көрсететін тасымалдаушыны анықтау үшін қайта конкурс жариялады, деп хабарлайды «24KZ».
Көлік министрлігінің мәліметінше, конкурс Шымкент–Қарағанды, Жезқазған–Қарағанды және Қызылорда–Ақтау бағыттары бойынша өткізіледі. Рейстер 2026 жылдың маусым-желтоқсан айлары аралығында аптасына екі рет орындалады.
Ұшақ билеттерін белгіленген тариф бойынша белгілі бір деңгейде ұстау көзделген.
Шымкент–Қарағанды – 20 мың теңге;
Жезқазған–Қарағанды – 13 мың теңге;
Қызылорда–Ақтау – 25 мың теңге болады.
Аталған бағыттарды субсидиялауға республикалық бюджеттен 672 миллион теңге бөлінген.
Оның ішінде ең көп қаржы Қызылорда–Ақтау бағытына қарастырылған.
Осы рейстерді орындауға дайын қазақстандық әуе компаниялары конкурсқа қатыса алады. Жеңімпаз компания маусымнан желтоқсанға дейін аптасына екі рет рейс орындауы тиіс.
Конкурсқа тұрақты ішкі рейстерді орындауға рұқсаты бар, салықтық берешегі жоқ және қажетті қаржылық резерві мен кемінде 50 орындық әуе кемелері бар қазақстандық әуе компаниялары қатыса алады.