Миллиондаған теңге жұмсалды: Ғылым министрлігі латын әліпбиін тағы да мақұлдамады
Қазақстанның латын әліпбиіне көшу бастамасына 8 жыл өтсе де, оның соңғы нұсқасы әлі бекітілмеген. Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, латын әліпбиін әзірлеу жұмыстары әлі де жалғасуда, деп хабарлайды «24KZ».
Бұған дейін жаңа әліпбидің бірнеше жобасы көпшілікке ұсынылған. Дегенмен Президенттің нұсқауы бойынша ол әлі де жетілдіруді қажет етеді.
Жаңа әліпби мен емле ережелерін Ахмет Байтұрсынов атындағы Тіл білімі институтының, "Тіл-Қазына" орталығының мамандары және Қазақстан университеттерінің ғалымдары әзірлеп жатыр.
Министрлік мамандары:
"и", "й", "ы" және "і" сияқты жеке әріптердің емлесін тексеру нәтижелерін зерттеуді жалғастырып жатқанын айтады. Сондықтан әліпбиді түпкілікті бекіту мерзімі әлі белгісіз. Сондықтан жаңа әліпбиді бекіту мерзімі және оны енгізу жоспарлары жобаны жетілдіру аяқталғаннан кейін анықталады", – деп хабарлады.
Латын әліпбиін әзірлеу жұмыстары осымен сегіз жылдан бері жалғасып келе жатыр. Министрлік бұл жобаға бюджеттен қанша қаражат жұмсалғанын тағы да ашып айтпады. Тек бөлінген қаражаттың едәуір бөлігі игерілмей, кері қайтарылғанын хабарлады.
Әліпби әлі ресми бекітілмесе де, Қазақстанның тіл саясаты тұжырымдамасында латын қарпін қолдану көрсеткіштері белгіленген. Құжатқа сәйкес, латын негізіндегі қазақ әліпбиін пайдаланушылардың үлесі 2027 жылға қарай 5%, 2028 жылға қарай 10% және 2029 жылға қарай 15%-ға жетуі керек.
Өткен аптада түркі академиясы қазақ латын әліпбиінің жаңа нұсқасын мақұлдағанын хабарлады. Онда қазақ тілінің нақты дыбыстарын білдіру үшін ä, ï, ö, ü, ğ, ñ және ş сияқты таңбаларды пайдалану керектігі айтылған.
Ал 2017 жылы басталған латынға көшу реформасы бірнеше рет кейінге шегеріліп, жаңа әліпбиге толық көшу мерзімі 2031 жылға жоспарланып отыр.