Мемлекет жалдамалы баспананы қатаң бақылауға алды

Фото: depositphotos.com

Қазақстанда жалдамалы пәтерлерге бақылау күшейетін болды. 12 шілдеден бастап мемлекеттен жалға берілетін баспанаға субсидия алғандар тексеріске ілігеді, деп хабарлайды «24KZ».

Енді әкімдік пен «Отбасы банк» мамандары жалдамалы пәтерлерді аралап, субсидия алушылардың көрсетілген мекенжайда шынымен тұрып жатқанын тексеріп отырады. 

Бұл тек барлық адамдарға емес, тек әлеуметтік осал топтарға қатысты. Оларға көпбалалы отбасылар, жетімдер, мүгедектігі бар адамдар және ерекше бала тәрбиелеп отырған отбасылар кіреді. Мемлекет бұл адамдардың жалдау ақысының 50%-ын төлейді.

Тексерудің негізгі мақсаты — кейбір адамдардың жалған келісімшарт жасап, пәтерде тұрмаса да субсидия алып қоюының алдын алу.

Бірақ өз қаражатына пәтер жалдап жүрген немесе жалға беріп отырған қарапайым азаматтарға бұл тексеру әсер етпейді.

Сонымен қатар тексерушілер үйге рұқсатсыз кіре алмайды — бәрі заң аясында жүргізіледі.