Халық Кеңесі: міндет – айқын, жоспар – ауқымды
Қазақстан Халық Кеңесі – баламасы жоқ, мүлде жаңа, инновациялық институт. Әділетті Қазақстанның жарқын символы саналатын бұл құрылымның жөні де, жолы да өзгеше.
Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сессияда осылай деп, Халық Кеңесінің мүшелеріне зор жауапкершілік жүктеді. Мемлекет басшысы жиында жеті жылда атқарылған жетістіктерге тоқталып, үшінші сектордың алдында тұрған міндеттерге кеңінен тоқталды. Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру, Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру және аймақтармен қарым қатынас мәселелері қаузалды.
Әлішер Әли, тілші:
- Қазақстан Халық Кеңесі саяси жүйеде айрықша орын алатын институт болады. Қасым-Жомарт Тоқаев алғашқы сессиясының ашылуындағы сөзін осылай деп бастады. Президент бұл күнді еліміз үшін маңызды әрі тарихи оқиға екенін айтып, қоғамның барлық саласында түбегейлі реформалар жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеді. «Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ деді», - деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Еліміздің ең жоғары консультативтік мекемесі — Қазақстан Халық Кеңесінің алғашқы сессиясының ашылуы баршаңызға құтты болсын! Бүгін еліміз үшін аса маңызды күн, шын мәнінде тарихи оқиға деп айтуға толық негіз бар. Қазақстан Халық Кеңесі мемлекетіміздің саяси жүйесінде айрықша орын алатын, конституциялық мәртебесі бар бірегей институт болатынына күмәнім жоқ. Қазір Қазақстан ауқымды өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қоғамымыздың барлық саласында түбегейлі реформалар іске асырылуда. Алайда реформалар мен өзгерістер осымен өз мәресіне жетті деп мүлдем айтуға болмайды. Бұл жұмыс міндетті түрде жалғасады. Біз билік жүйесін заман талабына сай жаңғырту ісін қолға алдық. Елімізде Халық Кеңесінің құрылуы соның бір айқын дәлелі екені анық.
Еліміз белсенді жұмыстың нәтижесінде әлемнің бәсекеге қабілетті 40 елінің қатарына кірді. Президент жиында кейінгі жеті жылдағы жетістіктерді тілге тиек етті. 2019 жылдан бастап, елде 1 млн-нан астам оқушыға арналған 1 342 мектеп салынды. Одан қалса, жыл сайын 20 млн шаршы метрден астам тұрғын-үй бой көтереді. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы жылдан жылға ұлғайып, жетпістің алтауына жетті. Ендігі мәселе – Халықаралық ынтымақтастықты тереңдетіп, елімізге келетін инвестиция көлемін ұлғайту.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Соңғы 7 жылда жалпы ішкі өнім 29 пайызға артып, 306 млрд долларға жетті. Алтын-валюта резерві және Ұлттық қор активтерінің көлемі 138 млрд доллардан асты. Осы кезеңде елімізге 162 млрд доллардан астам инвестиция тартылды. Азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығы 76 жасқа жетті. Сондай-ақ 1200-ден астам денсаулық сақтау нысаны ашылды. Осы уақыт ішінде 35 мың шақырымнан астам автокөлік жолы салынып, жөнделді. Мұның бәрін тарихымыздағы ең жоғары көрсеткіш деуге болады.
Түрлі көзқарас – біртұтас ұлт. Қасым-Жомарт Тоқаев біз ұлттық сана-сезімге серпіліс беріп, жұртымызды ортақ мүддеге жұмылдыру үшін қоғамдық диалогты одан әрі дамыта түсуіміз қажет. «Қазақстан Халық Кеңесін құрудағы басты мақсатымыз да – осы», - деді. Сондай-ақ Президент «Қазақстан Халық Кеңесі» деген атау жаңа институттың жалпыұлттық сипатын көрсетеді. Конституцияға сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы және егемендік иесі бұл – халық. «Сондықтан жұртшылықтың мүддесін қорғайтын бірегей органның атауында «Халық» сөзінің тұруы өте қисынды, бұл – заңдылық», - деді. Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы Халық Кеңесінің рөлін Құрылтаймен теңестіруге болмайтынын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Халық Кеңесі – Құрылтайға балама мекеме емес. Кеңес мүшелері Құрылтайдың құзыретіне кіретін жұмыспен айналыспайды. Депутаттардың қызметіне араласпайды. Заң бойынша осындай әрекеттерге құқы жоқ. Тиісінше, Құрылтай депутаттарының да Халық Кеңесінің жұмысына араласуға хақы жоқ. Бәрінің алдында тұрған басты мақсат – екі институт та бір-бірін толықтырып, бірлесе қызмет етуі керек. Сондықтан Халық Кеңесі мен Құрылтайдың комитеттері тығыз байланыста болып, үйлесімді түрде жұмыс істеуі қажет. Заң жобаларын әзірлеу барысында жұртшылықтың ой-пікірін, талап-тілегін толыққанды ескеру қажет. Құрылтай мен Халық Кеңесі әрқашанда бірге болса, осындай мүмкіндік міндетті түрде пайда болады.
Халық Кеңесі сабақтастықты сақтап, Қазақстан халқы ассамблеясы мен Ұлттық Құрылтайдың дәстүрі мен үздік тәжірибесін жалғастыруы қажет. Мемлекет басшысы бұл ретте бүкіл жұмыстың сапасын жаңа саяси және ұйымдастыру деңгейіне көтерген жөн деді. Жиында Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік тіл мәселесін де қаузады. Президент Ана тіліміздің өрісі кеңейіп келе жатқанын айтып, Қазақ тілінде бір ауыз сөз айта алмау білімсіздіктің белгісіне айналды деді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Алайда бұл басқа тілдерден бас тарту керек дегенді білдірмейді, әрі оларды шеттетуге құқық бермейді. Өздеріңізге мәлім, Конституцияда тіліне, тегіне, ұлтына, дiни көзқарасы мен нанымына немесе кез келген өзге де себептерге байланысты кемсітуге тыйым салынған. Соған қарамастан ара-тұра кейбір тісқаққан арандатушылар әлеуметтік желіде ұлтараздықты қоздырып, әдейі отқа май құяды. Мына нәрсені түсінген жөн. Олардың көздегені біреу — қоғамды әлсіретіп, Қазақстанның Егемендігіне нұқсан келтіру, елді бірліктен айырып, бейбіт, алаңсыз өміріміздің астаң-кестеңін шығару. Расында олар балаларымыз бен немерелеріміздің бақытты болашағының тамырына балта шапқысы келеді. Сондықтан құқық қорғау органдары мен тұтас қоғам бұған табанды түрде қарсы тұруы керек. Конституцияда бекітілген «Заң мен тәртіп» қағидатына сай әрекет етуіміз қажет.
Заң мен Тәртіп, Тазалық пен Табиғатты аялау қағидаттарын орнықтыру, Қоғамдық бақылауды жүзеге асыру. Жиында айтылған маңызды міндеттердің бірі – осылар. Президент қазір елде қоғамдық бақылауды жүргізудің бірыңғай және нақты тәртібі немесе біртұтас жүйесі жоқ. Бұл жұмысты бағалаудың ортақ өлшемдері де әзірленбеген. Халық Кеңесі қоғамдық бақылау саласын жүйелеп, оны ретке келтіруге атсалысуы керегін айтты. Халық Кеңесінің тағы бір маңызды міндеті – аймақтармен тығыз байланыс орнатып, олардың мүддесін қорғау. Қасым-Жомарт Тоқаев бұл жергілікті жердегі мәселелер республикалық деңгейде көтеріледі деген сөз деді.
Наталья Дементьева, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
- Қала жастарын «асфальт қазағы» деп бөлуге болмайды. Президент «Ауыл халқымыздың алтын бесігі» біз ауыл туралы көп айтамыз. Расында, бұл – дұрыс. Алайда қазіргі заманда бұл сөзді қайта-қайта айта берудің қажеті бар ма? Дей келе, дүние жүзінде «урбанизация» атты жаһандық үрдіс болып жатқанын еске салды. Сондай-ақ қаламгерлерді қала тақырыбына арналған шығармаларды көбірек жазуға шақырды. Президент барлық деңгейдегі мәслихаттарды мерзімінен бұрын таратады. Жиында айтылған маңызды мәселелердің бірі осы. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, бұл қадам жергілікті өкілді органдардың білікті әрі кәсіби құрамын қалыптастыруға мүмкіндік бермек.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жалпы жергілікті депутаттар аймақтағы жұртшылықтың мүддесін қорғайды, бюджетті бекітеді және басқа да міндеттерді орындайды. Бір сөзбен айтқанда, елді мекендерді өркендету ісіне белсене атсалысады. Демек өкілді органдар қызметінің заңға сәйкес болуы айрықша маңызды. Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын. Көп ұзамай Орталық сайлау комиссиясы сайлау өтетін күнді жариялауы керек.
Мәселені көтере отырып, шешімін де ұсыну қажет. Президент сөзін осылай деп қортындылады. Қасым-Жомарт Тоқаев жұртты алаңдатқан мәселелерді терең зерттеп, қоғамдық талқылардың бел ортасында жүру маңызды. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұғырнамасы осындай ашық диалог арқылы жүзеге асатынын мәлімдеді. Бұқара 126 адамға үмітін үкілеп қарап отыр. Салмақты іс күтеді. Президент те: “Халық Кеңесі мемлекет пен халықтың арасында дәнекер болып, ұлтымызды ортақ іске ұйыстыруы қажет”, — деді.
Авторлары: Әлішер Әли, Марат Диханбаев