Алматыда ЖИ көмегімен жұмыс істейтін зертхана ашылды
Алматыда жасанды интеллект элементтері енгізілген жаңа зертхана ашылды. Алғашқы кешен жұқпалы аурулар ауруханасында пайдалануға берілді.
Жүйе инфекцияны анықтау үдерісін автоматтандырып, талдау уақытын екі есе қысқартады. Биологиялық үлгілерді қабылдаудан бастап, барлық кезеңді цифрлық форматта жүргізеді. Мамандардың айтуынша, мұндай технологиялар медициналық көмектің сапасын арттырады. Зертхананың жұмысымен Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова және Алматы әкімі Дархан Сатыбалды танысып көрді.
Айгүл Әбдірахманова, И. Жекенов атындағы Қалалық жұқпалы аурулар ауруханасының директоры:
- Біз эпидемиологиялық нормаларды сақтай отырып жұмыс істейміз. Соған қарамастан бұл биологиялық материал болғандықтан оның құрамында бактериялар мен вирустар болуы мүмкін. Сондықтан тректік жүйені қолдану кезінде адам факторы барынша азайтылады. Өйткені жүйе толықтай автоматтандырылған. Қызметкерлер тек биоматериалды жүктеуге ғана қатысады.