Алтын Орданы зерттеуде цифрлық әдіс қолданылады
Алтын Орда қалаларының археологиясы көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің синтезін көрсетеді.
Ал цифрлық технология сол дәуірдегі сәулет өнерін, мәдениетті, шаһардың инфрақұрылымын ғылыми негізде қайта қалпына келтіреді. Үш өлшемді модельдеу, геоақпараттық жүйелер және фотограмметрия әдістері қолданылады. Satbayev University-де өткен жиында ғалымдар Алтын Орда қалаларын зерттеудегі жаңа ғылыми тәсілдерді талқылады. Оған археология, тарих, геология, инженерия және цифрлық технология саласының жетекші мамандары қатысты. Ғалымдардың айтуынша, археологиялық мұраны оқып білуге цифрлық реконструкциялау, лазерлік сканерлеу және жасанды интеллект көп мүмкіндік береді. Қазір елде Алтын Орда тарихын зерттеу бағытында ауқымды жобалар қолға алынған. Бұл ғылыми мектептің қалыптасуына негіз болады.
Әділхан Байбатша, геология және минерология ғылымдарының докторы:
- Цифрлық технология деген біздің өміріміздің барлық саласына қатысты нәрсе. Бұл Алтын Ордаға не береді дейсіз? Қазір Алтын Орда туралы мәліметтер көп жекелеген. Археологиялық мәліметтер, тарихи мәліметтер, жазбаша мәліметтер осының бәрін өңдесе, бірден әлемге тарап кетеді. Ең бастысы сол. Цифрлық технологияны енгізу деген бұл тарихи деректерді өңдеуде жаңа күш береді таратуға осыны адамдардың санасына сіңіруде үлкен күш беретін нәрсе.