Қазақстанда жасанды интеллект орталықтары салынуы мүмкін
Бүгін Шанхайда дүниежүзілік жасанды интеллект конференциясы басталды.
Tik-tok, Alibaba, Хуавей сынды белді компаниялар мен қауымдастық өкілдері бас қосты. Жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайдың жетекші компанияларының басшыларымен кездесті.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Қазір технологияның тілін тапқан әлемдік алпауыттар, түрлі стартаптар, белді бизнес өкілдері жиналып жатыр. Олар дөңгелек үстел басында жасанды интеллект мүмкіндіктерін талқылап, инвестиция тартудың жолын қарастырмақ.
Қытай Қазақстан экономикасына 30 млрд доллардан астам инвестиция салды. Мемлекет басшысының айтуынша, жоғары деңгейдегі саяси сенім сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі кеңейтуге берік негіз қалайды. Былтыр екіжақты сауда көлемі 49 млрд долларға жетті.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бұл – рекордтық көрсеткіш. Қазір Қазақстанда қытай капиталы бар 8500-ден астам кәсіпорын табысты жұмыс істеп жатыр. Соның ішінде CNPC, CITIC және Huawei сияқты ірі компанияларды атап өту қажет. Біз Қытай бизнес өкілдерінің Қазақстан экономикасын жаңғыртуға сүбелі үлес қосып жатқанын жоғары бағалаймыз. Өткен жылдары елдеріміз көптеген маңызды жобаны бірге табысты жүзеге асырды. Соның нәтижесінде жұмыс орындарын аштық, озық технологияларды енгіздік. Бүгін де жаңа стратегиялық жобаларды бірлесе іске асырып жатырмыз. Атап айтқанда, Sinopec компаниясымен ірі газ-химия кешені, Fufeng Group компаниясымен жүгеріні терең өңдеу зауыты, Lihua Group компаниясымен заманауи мақта-тоқыма кластері құрылысын қолға алдық.
Янь Бин, «Goldcard Smart Group» директорлар кеңесінің төрағасы:
- Біз – инновациялық газ есептеуіш құралдарын шығаратын әлемдегі жетекші компаниямыз. Смарт құралдарды 50 мыңнан астам елге экспорттаймыз. Қазақстанда «Самрұқ Қазынамен» бірлесе отырып, Алматыда зауыт аштық. Қазақстан инвестиция салуға қолайлы ел, барлық жағдай жасалған. Бүгінгі кездесуде ынтымақтастықтың жаңа деңгейіне қолжеткіземіз деген ойдамын.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Енді еліміздегі ауыл шаруашылығы саласы жаңа технология арқылы басқарылатын болады.
Бүгінде агросектордағы қытайлық алпауыт компания Түркістан облысында ең ірі жобалардың бірін іске асырып жатыр. Жобаға 500 млн АҚШ долларынан астам инвестиция салынды. Мақта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, 1 мыңнан астам жұмыс орны құрылды. Бүгін тараптар кездесіп, жобаны дамытудың келесі кезеңін талқылады. Енді зауыт жасанды интеллект, дрондар арқылы басқарылады. Сондай-ақ суды 60%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік беретін ақылды технология енгізіледі.
Сұлтанғали Кенжеқұлов, «Kazakh Invest» ҰК» АҚ Басқарма Төрағасы:
- Осы дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша 80-90 құжатқа қол қойылады. 2-3 компания бар, олар Қазақстанға дата центр салмақшы, жасанды интеллект бар дата центр. Бұл жаңа жоба Қазақстан үшін өте маңызды.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Дөңгелек үстел соңында еліміз Хуавей, Джили, Фридом сынды әлемдік алпауыттармен бірлесе отырып жоба жасауа уағдаласты. Осылайша, құны 15 млрд доллардан асатын 80-ге жуық келісімге қол жеткізілді. Бүгін екі ел басшыларының кездесуі өтеді деп жоспарланып отыр. Сондай-ақ Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі мен қытай тарапы маңызды құжатқа қол қоймақ.
Авторлары: Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Досхан Қораз