Санитариялық-эпидемиологиялық сала цифрланды

Санитариялық-эпидемиологиялық сала цифрланып, қызмет көрсету сапасы артты. Ондаған есеп беру қағазын қолмен толтырып, әбден зәрезап болған мамандардың жұмысы біраз жеңілдеді.

Яғни, мекеме қағазбастылықтан арылған. Ал пайдаланушы тарап бұрынғыдай құжаттың рәсімделуін ұзақ күтпейтін болды. Мәселен, ақпаратты жинау және талдамалық қорытынды әзірлеу 3 күннен 2 аптаға дейін созылатын. Сондай-ақ бақылаудағы нысандар, медициналық тексерулер мен вакцинациялау бойынша толыққанды мәлімет жетіспеген. Енді осы үдеріс автоматтандырылып отыр. Цифрлық платформада мемлекеттік бақылаудағы 202 мың нысан,  198 мың пайдаланушы тіркелген. Оның ішінде 114 мыңы – бизнес өкілі, медициналық ұйымдар да бар. Жаңа жүйеде кәсіпкер үшін жеке кабинет кіріктірілген. Енді кәсіпорындар ақпаратты қашықтан жолдап, санитариялық дәрігерлердің ұсынымын алып, бақылау нәтижелерін қадағалап, анықталған бұзушылықтарды уақытылы жоя алады. Цифрлық платформа күн сайын 5-тен 30-ға дейін жарамдылық мерзімі өткен медициналық кітапшаларды, рұқсат беру құжаттарының жоқтығын және тексеру жүргізілгенге дейінгі заң бұзушылықтардың алдын алуға мүмкіндік береді.