Астанада «Болашақ ойындары» басталды
Астана әлемдік фиджитал спорттың орталығына айналды. Елордада алғаш рет халықаралық «Болашақ ойындары» мультиспорт турнирі бастау алды.
Жаһандық додада әлемнің 34 елінен келген 800-ден астам спортшы цифрлық және дәстүрлі спортты біріктіретін тың форматта бақ сынасады. Яғни, спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте жарысып, содан соң шынайы алаңға шығады. Мамандар мұны фиджитал спорт деп атайды. Шараның ашылу салтанатына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, қатысушыларға сәттілік тіледі.
Болашақ ойындары – диджитал мен фиджитал спортты бір алаңда тоғыстырған ерекше турнир. Яғни, мұнда спортшылар алдымен виртуалды әлемде бақ сынаса, кейін сол ойынның физикалық кезеңінде өз шеберліктерін көрсетеді. Бір сөзбен айтқанда, бұл - цифрлық технология мен дәстүрлі спортты ұштастыратын, болашақтың спортын бүгіннен көрсететін жаңа форматтағы бәсеке.
Осыдан 2 жыл бұрын Қазан қаласында бастау алған «Болашақ ойындарының» жалауы бүгін елорда төрінде желбіреді. Астанадағы мультиспорт туринірен әлемнің 34 елінен келген 800 спортшы араларындағы кіл мықтыларды анықтауға кіріскен.
Дэн Меркли, Phygital international халықаралық ұйымының бас атқарушы директоры:
- «Болашақ ойындары» – киберспорт және ең бастысы, фиджитал спорт тоғысқан ең ірі әрі әсерлі жарыс. Фиджитал қозғалысының басты мақсаты – бейнеойынға көп уақыт бөліп, дене белсенділігі азайып бара жатқан жастарды қайтадан спортқа тарту. Алдағы күндері көрермендер әлемдік деңгейде ұйымдастырылған керемет шоуға куә болады. Себебі цифрлық және физикалық жарыс бір арнада тоғысқанда, тартыс та, эмоция да бұрынғыдан әлдеқайда күшейе түседі.
Негізі жарыстар 8 дисциплина бойынша өтуде. Яғни, фиджитал футбол, баскетбол, жекпе-жек, Counter Strike2, Dota 2 және PUBG сынды әйгілі ойын түрлері бар. Мұндай жарыстың басты ерекшелігі – қатысушылар тек виртуалды әлемде күш сынасып қана қоймай, мықтылығын шынайы әлемде, яғни ортаға шығап дәлелдеуі керек.
Скотт Манн, Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы:
- Бұл – тамаша бастама. Менің ойымша, бұл жас ұрпақтың футболмен танысып, оған барлық деңгейде қызығушылық танытуының өте тиімді жолы. Жаңа ғана FIFA ойынын ойнап отырған жастарды көрдік. Біз үшін бұл – жастарды футбол әлеміне тартудың және осы спорт түрімен таныстырудың алғашқы қадамы.
Айта кету керек, бүгінде фиджитал бағыт әлемнің 115-тен астам елінде дамып келеді. Олардың қатарынан Қазақстан да қалысар емес. Мәселен, Астанадағы «Болашақ ойындарына» ел атынан 11 команда өнер көрсетеді. Олардың қатарында TeamKZ, Future Nomads, DIGA Esports сынды құрамалар бар.
Нұржан Қоянақов, Diga Esports командасының мүшесі:
- Осындай деңгейдегі турнирде бірінші рет ойнап тұрмыз. Негізі 2019 жылы LAN турнирге өткенбіз, бірақ карантин болғандықтан онлайн ойнауға мәжбүр болдық. Қобалжу бар, қанша дегенмен өте үлкен сыйақы, көп команда келгендіктен әрине, уайым болады.
Бұл турнирде жүлде қоры демеушілер есебінен жиналған. Оның көлемі 4,5 миллион АҚШ долларынан асады. Жаһандық фиджитал қозғалысқа тың серпін берген еліміз қазір цифрлық серпіліс жасау үстінде. Болашақ ойындарының ашылу салтанатында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлемде түбегейлі өзгерістер болып жатқанын алға тартты. Озық технологиялар барлық салаға еніп, адамдардың тұрмыс-тіршілігіне ықпалын тигізуде, – дейді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Жаңа дәуірдің талаптарына сай болу үшін біз толық цифрланған мемлекет құруға кірістік. Қазақстан Парламенті Цифрлық кодекс және Жасанды интеллект туралы арнайы заң қабылдады. Бұл заңдар осы аса маңызды саланың дамуына үлкен серпін берді. Басқаша айтсақ, бұл қадам еліміздің озық мемлекеттер қатарына қосылуының айқын дәлелі болды. Бірінші шілде күні еліміздің жаңа Конституциясы заңды күшіне енді. Бұл халқымыз үшін тарихи оқиға болды деп айтсақ, артық емес. Бас құжатта еліміздегі жасанды интеллектінің жоғары қарқынмен дамуына және азаматтардың цифрлық әлемдегі құқығын қорғауға нақты кепілдік берілді.
Болашақ ойындарының елімізде өтіп жатуының да өзіндік мәні бар. Себебі биыл Қазақстанда Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жарияланған. Сондай-ақ еліміз өз алдына толық цифрлық мемлекетке айналу жөнінде аса маңызды стратегиялық міндет қойған болатын.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Сондықтан қазір елімізде жаңа заманға қажетті мамандар даярлау ісі тұрақты түрде жүзеге асырылып жатыр. Қазақстанда AI-Sana мемлекеттік бағдарламасы арқылы қазірдің өзінде жүздеген мың азамат тиісті құзыреттер мен дағдыларды меңгерді. Биыл күзде Астанада Жасанды интеллект университеті ашылады. Елімізде нейрожелінің көмегімен түсірілген фильмдердің халықаралық фестивалі өтеді. Сондай-ақ келесі жылы елордамызда Халықаралық киберспорт федерациясының қолдауымен әлемдік дода ұйымдастырылады. Бұл – Қазақстанда іске асып жатқан ауқымды бастамалардың бір бөлігі ғана.
Қазақстанның бұл жетістіктеріне әлем куә. Сөз жоқ, таңдана қарайтындар да бар. Айта кету керек, Болашақ ойындарын өткізіп жатқан елімізді қолдауға бүгін Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан Президенттері арнайы ат терлетіп келген. Сондай-ақ Болашақ ойындары бастау алған Ресей елінің басшысы Владимир Путин де өз құттықтауын жолдаған. Өйткені, жаһандық ауқымдағы ойындар барша адамзаттың жарасымды әрі бейбіт болашағын айшықтайды. Ал Қазақстан қашанда халықаралық қауымдастықпен бірге бейбітшілікті, қауіпсіздікті, әділеттілік пен дамуды қолдай береді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Бүгін негізінен жастар жиналып отыр. Сіздер білімді, талантты, еңбекқор, талапты болсаңыздар, болашақтың іргетасы бекемделе түсетіні анық. Алда өздеріңізді биік белестерге бастайтын соқтықпалы-соқпақсыз жол күтіп тұр. Ой-пікірі ортақ, мүддесі бір, сенімді серіктер жандарыңыздан табылғанда ғана бұл жолды еңсеру оңай болмақ. Сіздер «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығып, жаңа достар тауып, келешегі зор жобаларды бірлесе қолға аласыздар деп сенемін. Себебі «Болашақ ойындарының» басты миссиясы – адамдарды жаңа жетістіктер жолында жұмылдыру және жігерлендіру. «Болашақ ойындары» елдеріміздің арасындағы ынтымақтастықтың, достық пен келісімнің «алтын көпіріне» айналады деп сенемін.
Сөз соңында Президент осындай ауқымды спорт мерекесін өткізуге атсалысқан барша ұйымдастырушыларға, төрешілер мен бапкерлерге және еріктілерге алғысын айтып, спортшыларға сәттілік тіледі. Енді жер жаһаннан жиналған командалар алдағы 10 күні бойы 8 түрлі дисциплинада күш сынасатын болады.
Авторлары: Риат Шони, Ержан Қанапияұлы және Ернар Нысанбай