Павлодар облысы ауыл мектептері ЖИ арқылы оқытады

Павлодар облысының ауылдық мектептерінде жасанды интеллект арқылы оқытудың жаңа әдісі сынақтан өткізіле бастады.

Пилоттық жоба өңірдегі бес шағын жинақты оқу ордаларының төртінші сыныбының бағдарламасына енгізілді. 

Пилоттық бағдарламаны сынақтан өткізу үшін өңірде бес мектеп таңдап алынды. Соның бірі – Бірлік ауылындағы білім ордасы. Мұнда жалпы саны 76 оқушы бар. Ал бастауыш сыныпта небары жеті бала білім алады. Оқытудың жаңа моделі жаңа технология мен жасанды интеллект көмегімен жүзеге асырылады. Яғни шалғай ауылда оқушыларға қаладағы мектептермен тең мүмкіндік жасалады. 

Көлтай Кәлелханұлы, мектеп директоры:

- Біздің мұғалімдеріміз жасанды интеллектінің әр түрлі тілдерін меңгеріп, оқушылардың терең білім алуына, ізденуіне, шығармашылық жұмыспен айналысуына жұмыс жасап жатыр. Жақында біздің екі мұғаліміміз Астана қаласында «Қос мұғалім» жобасына қатысып, курстан өтіп өз біліктіліктерін арттырып келді.  

Жаңа жүйе «Қос мұғалім» жобасы бойынша жүзеге асады. Сыныпта өздерінің ұстаздары тәлім берсе, арнайы платформада Астаналық мұғалім онлайн оқытады. Ал оқушылардың үлгерімін жасанды интеллект талдап отырады.

Жансая Сейітқажы,  математика және информатика пәні мұғалімі:

- Бұл платформа Smart Teacher деп аталады, яғни екі мұғалім бізге эфир арқылы шығады, екінші жақтан біз офлайн мұғалім. Екі мұғалім осы балаларға білім береді. Бұл – балалар үшін қызықты платформа. Себебі оқушыларымыз бір емес, екі мұғалімнен білім алады. Балалар үшін назарын аудартарлық және қызықты сабақ болады.

Пилоттық жобаны жүзеге асыру үшін Павлодар облысыың таңдалуы кездейсоқ емес. Өңір білім беру саласын цифрландыру қарқыны бойынша облыстар арасында көш бастап тұр. Басты мақсат – жаңа технологияларды енгізу ғана емес, сонымен қатар ауылдағы маман тапшылығын жою.

Елнар Өтебаев, Білім басқармасы ақпараттық технологиялар орталығының жетекшісі:

- Бұл жоба ауылдық шағын жинақты мектептерде сапаны жақсартуға және кадрлық тапшылықты шешуге бағытталған. Себебі қазір шалғайдағы білім ордаларында мұғалім жетіспейді. Жарты жылдан соң пилоттық жобаның ауқымын кеңейтіп өзге де мектептерге енгізуді жоспарлап отырмыз.

Пилоттық жобаға әзірге өңірдегі бес мектеп қосылған. Алдағы екі жыл ішінде облысқа қарасты ауылдардағы барлық 215 мектепке енгізілетін болады. Айта кету керек, жасанды интеллектіге негізделген мұндай оқу бағдарламасы Павлодармен қатар Қызылорда облысында жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ оқыңыз: