2,5 мың ауыл мектебіне ЖИ енгізіледі
Алдағы екі жылда 2,5 мыңнан астам шағын жинақты ауыл мектебі жасанды интеллектіні енгізу жобасымен қамтылады.
Дәл қазір ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес пилоттық жоба ретінде Қызылорда және Павлодар облыстарында іске асып жатыр. Арнайы бағдарлама екі аймақтағы 10 білім ордасын қамтыған. Оның асында 4 сыныпта оқитын 50-ден астам оқушы математика, цифрлық сауаттылық, қазақ тілі және орыс тілі пәндері бойынша оқып жатыр. Алдағы уақытта пилоттық жобаға қатысушы мектептердің санын ұлғайту көзделді.
Батырхан Есенбеков, Шиелі ауданы №84 мектеп директоры:
- Негізгі мақсаты – қала мен ауыл балалары арасындағы алшақтықты азайту. Осы пилоттық жоба аясында ұстаздарымыз кеше, тамыз айында, Астанаға барып, бір апталық курстан өтіп, біліктілігін арттырып қайтты. Қазір пилоттық жоба аясында аптасына бес сабақ онлайн форматта өтіп жатыр: математикадан – екі сабақ, қазақ тілінен – екі сабақ және цифрлық сауаттылықтан – бір сабақ.