Телефонға орнатылатын ЖИ қосымша бапкер қызметін атқарады

Көзден көз қоймайтын, жалқаулық, енжарлыққа әкелетін телефонның пайдасы да көп, әрине. Жасанды интеллект спортқа да жетті. Енді уақыт бөліп, спортзалға барып, жаттықтырушы жалдамайсыз.

Отандық ғалымдар жаттығу барысын бақылап, бапкер қызметін атқаратын қосымша жасап шығарды. Яғни телефонға орнатылған қосымша адамның іс-әрекетін қадағалап, нұсқау беріп отырады. 

Нұрқанат Қанапия, тілші:

-  Бұл қосымша спортпен күнделікті әрі тұрақты түрде айналысуға көмектеседі. Яғни белгілі бір жаттығуды дұрыс немесе өтірік жасағаныңызды бақылайды. Қазір мен отырып-тұру жаттығуын жасап көрейін. Алдымен тіземді сәл ғана бүгемін. Міне, көрдіңіздер, қосымша менің жаттығуымды дұрыс жасамағанымды көріп, есепке алмады. Ал қазір толық отырайын. Қосымша бірден есепке алды.

Жоба авторы мобильді қосымша арқасында бұқаралық спортты дамытуды көздейді. Яғни кез келген адам ұялы телефонын қалаған жеріне қойып, жаттығуға кірісуіне болады. Ал жасанды интеллекті бапкердің орнын басады. 

Ғабит Салтыбаев, жоба авторы:

- Өйткені бәрінде үш мәселе бар. Уақыт жоқ және спортзалдар қымбат. Бір залға байланып қалғысы келмейді. Сол үшін біз спортты бірден қалтасына, телефонға салдық. Сіздің спортыңыз өзіңіздің қалтаңызда болады. Кез келген жерде, қалаған жерде қойып, жасай бересіз.

Жоба авторы қосымшаны 4-5 айда жасап шыққанын айтады. Бірақ бұл мәселені бірнеше жыл зерттеген. Сөйтіп адамның спортпен айналысуына мүмкіндік тапты. Қазір смартфон әркімде бар. Сондықтан келешекте көпшілікке пайдасы тиетініне сенімі зор. 

- Спортпен айналысу үшін көп адамдар спортзалға жазылу керек, ақша төлеу керек, мен оны қашан бастаймын деп ойлайды.

- Кез келген жерде спортпен айналысуға болады. Егер спортшы бір жарысқа шығып кетсе, сол жақтағы қонақүйде, жаттығуда осы қосымшаны қолдануға болады.

Қосымша арқылы дене жаттығуларын жасап қана қоймайсыз. Онлайн турнирге қатысып, жарысуға да болады. Ал келешекте қарсыласыңызбен қашықтан теннис ойнауға да мүмкіндік туады. 

Авторлары: Нұрқанат Қанапия, Мейрам Жүнісов

Сондай-ақ оқыңыз: