Жасанды интеллект инфрақұрылымы дамып келеді

Жасанды интеллектіні дамыту үшін заманауи технологиялармен қатар орасан зор есептеу қуаты қажет.

 Қазақстанда жасанды зерде модельдерін оқытуға және халықаралық компанияларды тартуға бағытталған инфрақұрылым дамып келеді. Соның бірі Alem Cloud суперкомпьютері. Ал екіншісі Екібастұзда салынып жатқан деректерді өңдеу орталықтары алқабы. Бұл жобалар елге қандай мүмкіндік береді?

Қазақстан өз технологияларын әзірлеп, халықаралық IT-компанияларды тарту үшін бірқатар ірі жобаны жүзеге асырып жатыр. Соның бірі Alem Cloud суперкомпьютері. Оның қуаты жасанды интеллектінің күрделі модельдерін оқытуға, ауқымды деректерді өңдеуге және ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Болашақта бұл мемлекеттік цифрлық қызметтердің сапасын арттыруға, қазақ тіліндегі жасанды интеллект жүйелерін жетілдіруге және бизнеске арналған жаңа технологиялық өнімдер жасауға жол ашады.

Алмас Сауданбай, "ҰАТ" АҚ Open-Source шешімдер департаменті техникалық бағытының жетекшісі:

- Қазіргі күннің өзінде бірнеше отандық стартапты ІТ компаниялар Alem Cloud суперкомпьютерін жасанды интеллект модельдерін даярлауға, күрделі есептеулер жүргізуге және үлкен деректерді өңдеуге пайдаланып жатыр. Суперкомпьютер сияқты күрделі есептеу құрылымын басқару кезінде тек қана заманауи жабдықтар емес, сонымен қатар сол жабдықты басқара алатын білікті мамандардың қажеттілігі өте зор. 

Дегенмен, жасанды интеллектіні дамыту үшін тек есептеу қуаты жеткіліксіз. Тұрақты электр энергиясы, жоғары жылдамдықты байланыс және алып көлемдегі ақпаратты сақтайтын сенімді инфрақұрылым қажет. Осы мақсатта Екібастұзда Data Center Valley жобасы жүзеге асып жатыр. Мұнда халықаралық технологиялық компанияларға қызмет көрсететін деректерді өңдеу орталықтар алаңы салынады. Жоспар бойынша кешеннің жалпы қуаты кезең-кезеңімен 1 гигаватқа дейін ұлғайтылады. Ал алғашқы кезеңге қарастырылған 215 мегаватт қуат толық резервтелген. Қуаты 50 мегаватт болатын алғашқы деректерді өңдеу орталығын 2027 жылдың екінші тоқсанында іске қосу жоспарланған. Жобаға тартылатын инвестиция көлемі шамамен 5 миллиард доллар болады. Технологиялық серіктестер қатарында NVIDIA және Firebird AI компаниялары бар.

Әбілқайыр Иманберді, кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығының ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі директоры:

- Суперкомпьютер үлкен көлемдегі ақпаратты, оның ішінде қазақстандықтардың дербес деректерін өңдеуге арналған. Сондықтан хакерлердің мақсатты түрде шабуыл жасап, жүйені бұзып, мәліметтерді ұрлау қаупі бар. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін ақпаратты қорғаудың ең заманауи құралдарын пайдалану қажет. Сонымен қатар суперкомпьютер инфрақұрылымында қолжетімділік құқықтарын шектеу маңызды. Бұл бөгде адамдар мен киберқылмыскерлердің деректерге қол жеткізуіне жол бермейді.

Аталған екі жоба Қазақстанның цифрлық экономикасын дамытуға негіз болмақ. Alem Cloud жасанды интеллект модельдерін әзірлеп, оқытуға қажетті есептеу қуатын қамтамасыз етсе, деректерді өңдеу орталықтары ақпаратты сақтауға және цифрлық сервистердің үздіксіз жұмыс істеуіне жағдай жасайды. Ендігі міндет – осы мүмкіндіктерді тиімді пайдаланып, білікті мамандар даярлау және отандық IT-компаниялардың өз технологияларын дамытуына қолайлы орта қалыптастыру, дейді мамандар. Бұл Қазақстанның халықаралық цифрлық нарықтағы әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді. 

Авторлары Данияр Сұлтанұлы, Қанат Махмұтов

Сондай-ақ оқыңыз: