СҚО-ның он бір ауданында IT-орталық ашылды

Солтүстік Қазақстан облысының 11 ауданында IT-орталық жұмыс істеп тұр.

Алдағы уақытта қалған 2 ауданда іске қосылады. Ал Петропавлдың өзінде кино түсіруге, монтаж жасауға және дыбыс жазуға арналған «кино үйін» ашу жоспарда. Жауаптылардың айтуынша, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасып, жаңа жобалармен толығады. Жалпы өңірде биыл креативті экономиканы дамытуға 25 млн теңге бөлінді. 

Бұл креатив орталығы 2 жыл бұрын ашылды. Осы уақыт ішінде мұнда 400-ден астам іс-шара өтіп, 25 мың адам қамтылды. Орталық тың идеялар тоғысқан, шығармашыл жастардың басын қосқан заманауи алаңға айналды. Мұнда жас IT-мамандар, дизайнерлер мен контент жасаушылар өз жобасын дамытып қана қоймай, оларды табыс көзіне айналдыруды да үйренеді. Қазір орталықта 90 резидент бар.

Василиса Калиниченко, креативті орталық резиденті:

- Орталық ашылғаннан бері осында жұмыс істеймін. Мұнда барлық жағдай жасалған. Артық шығынсыз жұмыс істей аламыз. Мен жасанды интеллект көмегімен контент жасауды үйретемін. Курстарыма жастармен қатар жаңа мамандық меңгеріп, табыс тапқысы келетін әйелдер де қызығушылық танытады.

Креативті бастамаларды қолдау жұмыстары облыс аудандарында да жалғасып жатыр. Қазір өңірдің 11 ауданында IT-орталық жұмыс істейді. Жыл соңына дейін Мамлют ауданында тағы бір орталық ашу жоспарланған. Ал келесі жылы Қызылжар ауданында іске қосылады. Мұндай алаңдар ауыл жастарына цифрлық дағдыларды меңгередІ. 

Нұргүл Болатова, креативті индустрияларды дамыту қорының СҚО бойынша өңірлік үйлестірушісі:

- Әр орталықта аптасына кемінде екі-үш іс-шара өткізіледі. Ауыл тұрғындарының қызығушылығы бар. Жыл соңына дейін кемінде 33 көшпелі іс-шара ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар аудандарда IT-хакатондар өткіземіз. Онда жастар тың жобасын таныстырып, оларды дамыту бойынша кеңес алады.

Кино саласын дамыуға да көңіл бөлініп жатыр. Айта кетейік, биыл өңірде «Ботай. Ғайып ғалам» фильмі түсірілді. Енді Петропавлдағы креатив орталығының аумағында кино үйі ашылады. 

Зәкіржан Мамлютов ,СҚО әкімінің креативті экономиканы дамыту жөніндегі кеңесшісі:

- Республикалық сабантойда Татарстан делегациясы бізге ағаш үй сыйға тартқан болатын. Енді соны креатив орталығының алдына орнатып, кино үйіне айналдыруды жоспарлап отырмыз. Ол үшін кино түсіруге, монтаж жасауға және дыбыс жазуға қажетті техника мен жабдықтарды сатып аламыз.

Жалпы биыл өңірде креативті экономиканы дамытуға 25 млн теңге бөлінген. Айта кетейік, биыл еліміз бойынша 27 креативті хаб ашылып, стартаптарға қолдау көрсетіліп жатыр.

Авторлары Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков

Сондай-ақ оқыңыз: