ЖИ жасаған ән: авторлық құқық кімге тиесілі?
Жасанды интеллект шығармашылыққа жаңа мүмкіндік ашты.
Нейрожелінің көмегімен өзге тілдегі әнді қазақшаға бейімдеп, жаңа нұсқасын жасауға болады. Қазақстандық контент жасаушы Бағжан Жанабылов осылайша музыкалық чарттарда көш бастады. Алайда көп ұзамай авторлық құқық мәселесі туындады. ЖИ дәуірінде шығармашылық еркіндік пен заң талабының ара-жігі қай жерде?
Наргиз Бекмағанбетова, тілші:
- Бұрын ән жазу үшін студияға барып, музыканы арнайы өңдеу қажет еді. Енді бұл жұмысты жасанды интеллект санаулы секундта атқарады. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, 2028 жылы цифрлық платформалардағы музыкалық туындылардың 20 пайызы нейрожелілердің көмегімен жасалуы мүмкін.
Л.Юлдашеваның "MUHABBATIM" әнінің бейнебаянынан үзінді
Лола Юлдашеваның «Махаббаттым» әні жаңа нұсқада қайта жаңғырды. Оны жасанды интеллект көмегімен өңдеген қазақстандық контент жасаушы Бағжан Жанабыловтың жұмысы әлеуметтік желіде кеңінен тарады. Дегенмен, тың туынды авторлық құқыққа қатысты сұрақтар туындатты.
Бағжан Жанабылов, контент жасаушы:
- Бұл әнді жасау ойыма аяқ астынан келді. Жасанды интеллект арқылы жаңа нұсқасын әзірлеп көргім келді. Нәтижесінде туынды TikTok пен Instagram желілерінде кеңінен тарады. Үш күннен кейін Қазақстандағы Apple Music чартында бірінші орынға шықты. Төртінші күні Қырғызстанда көш бастады, ал бесінші күні Өзбекстанда екінші орынға көтерілді.
Ән музыкалық платформаларда топ жарғанымен кейін жүйеден жойылды. Өзбекстандық дистрибьюторлық компания туындыны пайдалануға қатысты мәселе көтерген. Себебі жасанды интеллектінің көмегімен әннің жаңа нұсқасын жасау үшін түпнұсқа авторларының келісімін алу міндетті.
Бағжан Жанабылов, контент жасаушы:
- Мен өзім компания өкілдеріне хабарласып, жағдайды түсіндірдім. Әнді жариялаған кезде мұншалықты танымал болады деп ойлаған жоқпын. Алғашында рұқсат ала алмадым. Кейін келісімге келіп, мамырдың соңында ән музыкалық платформаларға қайта жүктелді.
Бүгінде кез келген адам AI көмегімен ән жазып, оны өңдеп, желіге жариялай алады. Бірақ мұндай туындының авторы кім?
Төлеш Қаудыров, MNU жеке құқық департаментінің PROFESSOR EMERITUS, заң ғылымдарының докторы:
- Заңнамада жасанды интеллект ұғымы бар. Алайда «Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы» заңға сәйкес, жасанды интеллект автор болып саналмайды. Авторлық құқық туындыны жасаған адамға тиесілі. Сондықтан мұндай әнді пайдаланғысы келген адам құқық иелерінің рұқсатын алуы керек. Бұл талаптар сақталмаса, авторлық құқық бұзылуы мүмкін.
Елде де жасанды жады қолдануға қатысты заңнама жетілдіріліп жатыр. Биыл күшіне енген «Жасанды интеллект туралы» заңда авторлық құқықты қорғау, контентті белгілеу және оны пайдалануға қатысты талаптар бекітілді. Ережені бұзғандарға айыппұл салынады. Оның мөлшері жеке тұлғалар үшін 64 мың 875 теңгеден басталып, ірі бизнеске 432 мың 500 теңгеге дейін жетеді.
Авторы Наргиз Бекмағанбетова