ЖИ хакерлердің жаңа қаруына айналды

Жаһанда кибершабуылдар саны кейінгі үш жылда шамамен 70 пайызға өскен. Ұлыбритания 2028 жылға қарай жасанды интеллект көмегімен елдің маңызды инфрақұрылымына жасалатын кибершабуылдар қаупі жоғары екенін ескертті, деп хабарлайды 24KZ.

Мамандар әсіресе энергетика, көлік және өндіріс салаларына төнетін қауіпке алаңдаулы. Бұл мәселеге АҚШ та айрықша назар аударып отыр. Елдің ірі қаржы ұйымдары жасанды интеллектінің дамуы онлайн-банкинг, ақша аударымдары мен төлем жүйелерін қатер төндіруі мүмкін деп есептейді. «Өйткені қуатты ЖИ модельдері пайда болып, киберқауіп деңгейі он есе артты», – дейді сарапшылар.

Динара Қуандыққызы, тілші:

– Әлемде кибершабуылдар жиілеп, цифрлық қауіпсіздік мәселесі өзекті бола түсті. Хакерлер жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін пайдаланып, түрлі елдердің ақпараттық жүйелеріне шабуыл жасауда. Жаңа технология қылмыстық және әскери мақсатта да қолданыла бастады. Салдарынан компаниялардың жұмысы бұзылып, жеке деректер мен маңызды ақпараттардың қауіпсіздігіне қатер төнуде.

Бұл мәселе Еуропа елдерін де айналып өткен жоқ. Франция, Бельгия, Германия және Италияда кибершабуылдар тіркелді. Нәтижесінде бірқатар супермаркеттің тоңазытқыш жүйелері істен шықты.

Сиймен Рувхоф, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:

– Бірнеше апта бұрын Францияда ақылға сыймайтын жайт орын алды. Ондағы жүздеген супермаркеттің тоңазытқыш жүйесіне хакерлер шабуыл жасаған. Олар жүйеге қашықтан кіріп, тоңазытқыштардың температурасын көтере алған. Мұндай жағдайдан кейін компаниялар тоңазытқыштарды интернеттен дереу ажыратуы керек еді. Алайда арада үш апта өтсе де, олар тиісті шара қабылдамаған.

Хакерлер үшін сайттарды бұзу бұрынғыдан жеңілдей түскен. Ақылды зерде қаскөйлерге қорғаныс жүйелеріндегі осал тұстарды жылдам анықтап береді. Осы арқылы сайттың жұмысына араласа алады. Ондағы ақпаратты ұрлап, өзгертіп немесе толық істен шығаруы мүмкін.

Джеймс Салливан, RUSI зерттеу институтының киберқауіпсіздік жөніндегі директоры:

– Кейінгі уақытта веб-сайттарға жасалатын кибершабуыл қаупі күшейді. Хакерлер кей серверлерге құпиясөзді енгізбей-ақ қашықтан қол жеткізе алады. Бұл оларға үш мүмкіндік береді: жүйедегі деректерді ұрлау, ақпаратты өзгерту және бұзылған серверлерді басқа кибершабуылдарға пайдалану. Әсіресе, деректерді өзгерту қауіпті. Өйткені бүгінде көптеген сала нақты ақпаратқа сүйеніп жұмыс істейді.

Еуропа елдері білікті киберқауіпсіздік мамандарын табуда қиындық көріп отыр.

Сауалнамаға қатысқан ұйымдардың 45 пайызы ЖИ жүйелерін басқаратын білікті мамандарға зәру екенін жеткізген. Бұл туралы Еуропалық одақтың киберқауіпсіздік агенттігі (ENISA) мәлімдеді.

Ал компаниялардың 84 пайызы алдағы жылы салаға бөлетін қаржыны арттырмақ. Дегенмен қаржыландырумен шектелуге болмайды. Мамандар қауіптің алдын алу үшін бағдарламаларды үнемі жаңартып, интернеттегі қауіпсіздігін қадағалауға кеңес береді.

Сиймен Рувхоф, киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы:

– Интернетке қосылған кез келген құрылғы кибершабуылға тап болуы мүмкін. Бұл тек уақыт мәселесі. Өйткені құрылғылардың бағдарламалық жүйесінде осал тұстары жиі байқалады. Қауіптің алдын алу үшін бағдарламалық жасақтаманы уақытында жаңарту немесе құрылғыны интернеттен ажырату қажет. Әйтпесе, ол кез келген сәтте хакерлердің шабуылына ұшырауы мүмкін.

Америка да цифрлық қауіпсіздікке басымдық бере бастады. Банктер қорғаныс жүйелерін жаңартып, ЖИ арқылы жасалатын шабуылдарға қарсы дайындық жүргізіп жатыр. Мамандардың пікірінше, ендігі міндет – шабуыл болғаннан кейін әрекет ету емес, оның алдын алу.

Авторы: Динара Қуандыққызы

Сондай-ақ оқыңыз: