369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қытайлық қандастарымыз үшін Шыңжаңнан тіркеуден шығу қиындап кетті

  • 223
  • UPD: 10:58, 04.09.2018

Шыңжаңдағы биліктің заңды белден басып жатқанын, мұны Қытай тарапы мойындайтынын «Жас қазақ» газеті жазады.

Дұрысы, бұл туралы осы басылымға сұхбат берген «Жебеу» республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы Омарәлі Әділбек мырза айтып отыр. Жуырда бұл кісімен бірге тағы 17 адам, яғни Алматының бір топ қоғам өкілдері Қытайға сапар шегіп, қиырдағы қандастарымыздың мәселесін көтерген екен.

Бұрынғы тәртіп бойынша Қытайдағы тұрғылықты тіркеуінен шықпай-ақ Қазақстан азаматтығын қабылдаған азаматтар біздің ұлттық төлқұжатпен Қытайға бара алатын. Қазір олай емес. Енді бұл кісілер Аспан асты еліне бармай-ақ, сондағы туған-туыстары арқылы тіркеуден шығайын десе, Шыңжаң-ұйғыр автономиялық республикасының билігі бұған рұқсат етпей, олардың Қытайға қайтып келуін талап етіп отыр. Ал біздің қандастарымыз шекара асса болды, бірден қос азаматтығы үшін қамауға алынатын көрінеді. Дерек дәйекті болу үшін дәлел келтірейін. Қытайға сапарды ұйымдастыруға дәнекер болған Омарәлі Әділбектің сұхбатынан үзінді.

«Қазақстан азаматтығын алған кезде, біз алдымен Қытайдың паспортын өткізіп, содан кейін ғана Қазақстанның төлқұжатын аламыз. Қытай азаматтары шетелге біржола кетсе де, тіркеуден өшпей тұрады. Екі жақта тіркеуде тұрғандықтан, қос азаматтығы бар деп айыпталуда».

Бұл түйткілді дипломатиялық жолмен шешу керек. Бұл – көршілердің қазақстандық делегацияға айтқаны. Отандастарымыз Қытайда «Біртұтас майдан» министрлігінің басшысы Кан да жимен, осы елдің Сыртқы істер министрінің орынбасары, Қытайдың Қазақстандағы бұрынғы елшісі Чжан Ханьхуэймен кездесіпті. «Асыра сілтеу бар. Бұл уақыт еншісіндегі мәселе. Көп ұзамай шешіледі» деп серт еткен екен олар. Сөйтті де қоғам белсенділеріне «мұның бәрі екі ел ішіне іріткі салып жүрген опасыздардың қолы» деп айтып кеткен екен.

«Осы орайда үшінші күштер мен кейбір ұйымдар отқа май құйып жатқанын айта кету керек. Олар Қазақстан мен Қытай арасында от көсеуге құлшынып отыр. Мұндайлар тонның ішкі бауындай болып отырған Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасына сызат түсіруі бек мүмкін. Содан алаңдаймыз».

Бұл – тағы да Омарәлі Әділбектің сөзі. Негізі соқыр тауыққа бәрі бидай емес пе. Себеп табыла қалса, арандатушылар да табылады дегенге саяды қоғамдық ұйым өкілінің ойы. Бастысы, біздің маңдайымызға тоқпақпен ұрғандай жайсыз тиген қиырдағы қазақтардың мәселесі оң шешімін тапса игі. Лайым солай болғай.

Ішкі нарықта жанар-жағармайдың тапшылығы жоқ. «Сонда бағаның бұлғақтауына не себеп?» деген сұраққа «Егемен Қазақстан» газеті жауап іздеп көрді. Кешегі күннің санын ашсаңыз, «Жанар-жағармай тапшылығы болмауға тиіс» деп аталатын мақала жарияланды. Мұнда журналист Динара Бітік Энергетика вице-министрі Болат Ақшолақовтың сөздерін келтірген. Атқамінер соңғы уақытта дизель отынын тұтыну көлемі артып, оның басым бөлігі ауыл шаруашылығы және теміржол салаларын қамтамасыз етуге жұмсалғаны нарықты бір сілкіндіріп қойды десті. Сонымен бірге үшінші мұнай өңдеу зауытының модернизациялаудан өткізілуі де кері әсерін тигізген екен. Ақпарат құралы Еуразиялық экономикалық одақ аясында 2025 жылы бірыңғай жанар-жағармай нарығын құру туралы ортақ келісім жасалатынын, сол кезде ұйымға мүше елдердегі көгілдір отынның бағасы қандай болса, Қазақстан да соған сай бағаны өзгертуге мүдделі екенін жазады. «Ал бүгінде Ресейдегі бензин біздікінен қымбат екенін ескерсек, алдағы уақытта біздің нарықта бағаның қалай құбылатынын болжау қиындау» деп түйіндейді «Егемен Қазақстан».

Авторы: Жасын Біркенов

Осы категория бойынша: « «Шенеунік» сөзінің несі жаман? «Астана ақшамы» үнсіз отыратын депутаттарға шүйлікті »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы