368,28 419.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қызылорда облысына қарасты Аққұм ауылының оқушылары мектепсіз қалды

  • 488
  • UPD: 11:08, 06.09.2018
Қызылорда облысына қарасты Аққұм ауылының оқушылары мектепсіз қалды

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданындағы Аққұм ауылының оқушылары мектепсіз қалды.

Дұрысы, жаңа мектепсіз. Бұл елді мекенде 100 орындық білім ошағының құрылысы әлі жүріп жатыр. Шілде айында тапсырылуы керек еді, мердігерлердің жауапсыздығынан мерзімінен кешіктірілуде. Бұл туралы «Сыр бойы» Қызылорда облыстық қоғамдық саяси газеті жазады.

Негізі жаңа мектеп 85 пайызға дайын. Былтыр басталған құрылыстың бастапқы кезеңі уақытылы жасалды. Бірақ осы жылы жұмыс қарқыны бәсеңдеген екен. Оның себебін мақаладан таппадық. Қазіргі таңда абаттандыру, көгалдандыру және технологиялық жабдықтарды орнату жұмыстары аяқталмай отыр. Енді облыстық әкімдік сотқа жүгінуге мәжбүр. Әзірге ауыл балалары ескі мектепте оқиды.

 

Аралас мектептің ақиқаты

Көкшетау қаласында Тәуелсіздік алғалы осы күнге дейін қазақ мектебі салынбапты. «Биыл ғана ақ түйенің қарны жарылып, ел тілегі орындалды», – деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Сөз жоқ, қазақ тілінің кірпігі ғана қимылдаған Көкше шаһары үшін көл-көсір қуаныш бұл. Әйтсе де, қам көңілдің түйткілі басым. Бүгінде облыс орталығындағы 24 мектептің үшеуі ғана – қазақ мектебі. Қалғаны аралас мектептер екен. Бұл қалада 23 мыңға таяу оқушы бар. Оның жартысына жуығы ана тілімізде білім алады. Бірақ дені сол бір аралас мектептерде. «Қиялай тартсақ, аралас мектептің қазақ сыныбында оқитын оқушылары басым көпшілігі үзілісте, сабақтан тыс уақытында бұрынғы қалпымен орыс тілінде сөйлейді», – делінген мақалада. Сондықтан бұл кемшілікті жою үшін аралас мектептердің санын азайтуды ұсынып отыр республикалық басылым.

«Енді аралас мектептерден біртіндеп құтылған жөн. Көкшетауда бір-біріне жақын тұрған бірнеше мектеп бар. Мәселен, Жұмағали Саин көшесінің бойындағы № 11, 13 орта мектептердің арасы жүз-ақ қадам жер. Осы мектептердің бірін қазақ мектебіне ауыстыруға әбден болады.

 

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі ойнап жүр

Құмар Ақсақалов мемлекеттік қызметшілер арасында өткен турнирге қатысып, шағын футболдан бағын сынап көрді. Бұл туралы «Солтүстік Қазақстан» газетінде мақала шықты. Өңір басшысы бастаған командаға қарсы Петропавл қалалық, Қызылжар және Мамлют аудандық әкімдіктері ойнапты. Нәтижесінде облыс әкімі Ақсақалов мырзаның командасы жеңіске жетті.

Бірақ осы ойыннан кейін Мамлют ауданы әкімінің парамен ұсталғаны қынжылтады. Яғни екінші күні Жастілек Сыздықовқа 1 млн теңге көлемінде пара алды деген айып тағылды. Ол кінәсін толық мойындағандықтан, әзірге қамауға алынбапты. Сондықтан алаңда алаңсыз ойнаған аудан әкімінің бұл ойыны соңғы рет болса керек. 

Авторы: Жасын Біркенов

Осы категория бойынша: « Жыл басынан бері елімізде 3 терактінің жолы кесілді «Тальгоның» бағасы павлодарлық жолаушылардың ашуын туғызды »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы