367,40 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

«Тальгоның» бағасы павлодарлық жолаушылардың ашуын туғызды

  • 424
  • UPD: 10:37, 07.09.2018

«Қар жаумаса, көмір алмаймыз ба?»

Осы тақырыпта «Астана ақшамында» мақала жарық көрді. Күздің алғашқы күндерінен-ақ Арқа төрінде күн күрт суып, қыстың жақындап қалғанын сезіндік. Тиісінше халық «алты ай қысқа» дайындалуға кірісті. «Бұл күндері жұртты алаңдататын басты мәселе – көмір тапшылығы бар ма, қымбаттап кеткен жоқ па? Біз осы тұста Астанадағы жағдайды бағамдау үшін табиғи отын сатылатын бірнеше орынды аралап, мән-жайды өз көзімізбен көріп қайттық», – дейді «Астана ақшамының» тілшісі.

Газеттің мәліметінше, бас қалада көмір қоры жеткілікті. Басылым өкілі бұл орайда әр көмірдің құнында тайға таңба басқандай етіп көрсетіпті.

«Өткен аптада Астана әкімдігі қалада көмір сататын 7 негізгі орын барын, сондай-ақ оның жалпы қоры 15111 тоннаны құрайтынын хабарлаған болатын. Бұған қоса 17-25 тамыз аралығында бас қалаға 90 вагон, яғни 6223 тонна көмір жеткізілгені белгілі болды. Қалалық әкімдік көмір нарығындағы жағдайға күн сайын мониторинг жүргізіп, бақылауда ұстап отыр. Сонымен, Шұбаркөл көмірінің бір тоннасы 12500-14500 теңге болса, Қаражыра 14000 теңгеге бағаланып отыр. Ал Майкөбе 12500 теңгеге сатылып жатыр».

Мақала соңында тілші «Қорыта айтар болсақ, биыл елордада әзірге көмір тапшылығы жоқ» деп сөзін түйіндеген екен. Бірер апта бұрынғы мәлімет бойынша 15 мыңнан аса қатты отын бар. Алайда көпшіліктің сұранысына ие, жылуы қатты әрі сапалы саналатын, сондай-ақ күлі аз шығатын Шұбаркөл өнімі былтыр да тапшы болған. Бұрынғы жартас – сол жартас. Қыс түспей-ақ күздің алғашқы күндерінде сапалы отынның аздығы қайтадан білініп отыр. Ал қыстан аман шығу үшін ауданы 100 шаршы метрді құрайтын үйге орташа есеппен алғанда 7-10 тонна көмір қажет екендігін де тілші тілге тиек еткен.

«Тальгоның» машақаты «ҚТЖ»-ның басшылығына бата ма? «Сарыарқа самалының» кешегі санында осы тақырыпта сыни мақала жарық көрді. Тілші Павлодардан Алматыға өткен көктемде ғана қатынай бастаған заманауи пойыз билетінің қымбат екендігін, құны қалтаңызды қағып аларын, тиісінше жолаушылардың наразылығын тіліп тұрып жазған екен.

«Алматыға әдеттегі пойыздағыдай қолайлы орында отырып-жатып бару мәселесі қиындады. Жаңа пойызда купедегі 1 орынның бағасы 11,5 мың теңгеге дейін шарықтады. «Гранд» атты 2 кісілік купеге орналасу құны 14,5 мың теңге, жеке әжетханасы бар бизнес класты орын үшін 17 мың теңге төлеуіңіз керек. Ал тәуекелге бекініп, 25 сағат отырып барамын десеңіз еркіңіз, билет бағасы – 5,5-6 мың теңге».

Мақалада тілші жолаушылардың да нарызылығын келтірген екен. Құлақ түрсек шағымға.

«Алдыңғы күні әріптесіме Алматыға іссапарға барып-қайтуға билет алып бердім. Билеттің бағасы құдды бір ҚТЖ басшылығы арқалап апарып, алып қайтатындай қымбат. Тиын санап отырған жұрттың қалтасын қағып жатыр. Бүйте берсе, ертеңгі күндері кредитке де билет алатын жағдайға тап болармыз...»

Бұған дейін қарапайым пойызда Алматыға бару үшін билеттің бағасы плацкарт вагондарда – 7 мың, купеде 9 мың теңге мөлшерінде болған. Осылайша «жаңашылдық жолаушылар үшін қалта қағудың жолына айналғандай» деп жазады «Сарыарқа самалының» тілшісі.

Авторы: Қорған Төреқожа

Осы категория бойынша: « Қызылорда облысына қарасты Аққұм ауылының оқушылары мектепсіз қалды Қазақстандық дизайнерлер отандық киімнің неліктен қымбат екендігін түсіндірді »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы