369,01 417.85 5.52
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Қазақстанда жалақы неге аз?

  • 706
  • UPD: 12:24, 10.09.2018

Қазақстанда жалақы неге аз? Дәл осындай тақырыпта «Айқынның» кезекті санында сараптамалық мақала жарық көрген екен.

Басылымның мәліметінше, елімізде ең төменгі жалақы 30 мың теңгеге де жетпейді-міс. Мақаладан үзінді келтірейік.

«2018 жылғы статистика бойынша Қазақстандағы жалақының ең төменгi мөлшерi (ЖТМ) – 28 284 теңгені құрады. Ал 2017 жылы елімізде минималды айлық пен ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері 24459 теңге болған. Бұл – өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен көрсеткіш. 2017 жылы «Школа инвестора» сайтының мәлімдеуінше, әлемдегі орташа жалақы рейтингісінде 157 елдің ішінде Қазақстан 86-орынға тұрақтады. Статистика бойынша жалақысы ең көп ел – Швейцария атанған. Бұл елдегі орташа жалақы – 3855 доллар. Одан кейінгі орындарға Норвегия мен Люксембург жайғасқан. Екі елдегі жалақы мөлшері – 3781 және 3565 доллар».

«Қорыта айтқанда, еліміздегі жалақының жайы бүгінде халықтың бас ауыртар басты мәселесіне айналды. Америка азаматтары қазақстандықтардың бір айлық табысын, орта есеппен, бір апта ішінде таба алатынын естіген боларсыз», - деп тілші мақаласын түйіндеген екен.

 

Ұлттық валюта апта сайын құнсызданып барады

«Министрлер тағы да мүлт кетті». «Қазақ үні» газетінде осы тақырыпта сыни мақала шықты. «Төл теңгеміз жыл сайын ғана емес, апта аралатпай-ақ құлдырап, құнсызданып барады. Инфляция деңгейі экономика мен қаржы саласына жауапты, білікті деп сенім артқан министрлеріміздің белгілеген межесінен асып кетері бүгіннің өзінде белгілі болып отыр. Үкіметтің кезекті отырысында Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа қазіргі орын алған жағдайды баяндап, әкім-қаралар нарықты қымбатшылықтан құтқару үшін алдын ала қамдану қажет деп «пайдалы кеңес» берді. Бұнысы жау келіп ордамызды талқандап кеткен соң «аттан!» деп ұрандағанмен бірдей болып шықты» деп тілші тіліп тұрып жазған екен. Мақаланың мәліметінше, доллар дауылы осы екпінімен жүре берсе, жылдық инфляция Үкімет болжағандай 6% емес, одан көш ілгері кетері айдан анық. Газеттен үзінді.

«2018 жылдың қорытындысы бойынша инфляция деңгейі 6,6%-6,8% болады» деген болжамға көшті тағы да көріпкелдікке салынған Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов. Қаржылық дағдарысты мойындай тұра, министр «Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл қымбатшылық аса байқалмайды», - деді қайтадан үйреншікті ескі әуеніне басып. Мәселен, оның айтуынша, азық-түлік тауарлары 2,3% -ға, азық-түлік емес тауарлар 3,6%-ға, ақылы қызметтерге бағалар мен тарифтер 3,0%-ға ғана өскен екен. Бұл салыстырмалы көрсеткіштерді «Біз жұмыс істеп жатырмыз» дегенді білдіру үшін келтіргені белгілі. Министрлер мен әкімдер дұрыс жұмыс істесе, дағдарыс атаулы біздің елде болмас еді ғой...»

«Біріншіден, бұл Ресейге қарсы санкция салдарынан, екіншіден, ұлттық валютаның құнсыздануы. Үшіншіден, мұнай бағасының құлдырауы да себеп. Төртіншіден, әлеуметтік шығындар мен несие көлемі өсіп кетті», - деді саусақпен санап берген бас банкир. Сондықтан оның айтуынша, Үкімет пен жергілікті атқарушы билік Ресейге салған санкция салдарынан әлсіреуі ықтимал нарықтағы әлжуаз тұстарды анықтап, алдын алу жұмыстарын жүргізуге тиіс».

Авторы: Жасын Біркенов

Осы категория бойынша: « Қазақстандық дизайнерлер отандық киімнің неліктен қымбат екендігін түсіндірді Жастардың ауылға деген ынтызарын арттыру қажет »
Серіктестер жаңалықтары
Хабар 24 телеарнасы