365.49 420.50 5.59
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz
ҚАЗ

Жасанды интеллект кімдерді алмастыруы мүмкін?

  • 652
  • UPD: 12:35, 26.09.2018

Адам бойындағы асыл қасиеттің бірі – ерік-жігер. Яғни еш қиындыққа қарамастан, алға қарай болашаққа ұмтылу.

Міне, осы қасиетті бойларына сіңірген бірнеше азаматтың тағдыры «Айқын» газетінде жарық көрген мақалаға өзек болды. Олар мүмкіндіктері шектеулі болғанына қарамастан, түрлі кәсіптің тізгінін ұстап, тіпті, кейбірі өз істерін дөңгелетіп отыр. Бірі тойда диджей, екіншісі цехта шебер, ал үшіншісі радио станциясында жүргізуші болып қызмет етеді. Айтпақшы, мақала «Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» деп аталады. Онда кейіпкерлермен қатар олар күнделікті тұрмыста кездесетін қиындықтар да баяндалады.

«Байқасаңыз, кәсіп үшін тіпті мүмкіндігіңнің шектелгені де ештеңе емес. Десе де, мүмкіндігі шектеулі жандардың назы мол. Айталық, ұшаққа емін-еркін ұша алмайтыны, бала босана алмауы, білім алуға кедергі сынды мәселелер бар. Солардың бірқатарын тізбелеп көрелік. Мүмкіндігі шектеулі жандардың құқығын қорғау және өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған Ұлттық жоспардың алғашқы кезеңі аяқталды. 2012 жылы бастау алған жобаның мақсаты – қызмет пайдалану болмаса, объектілерге еш кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету. Жоспар орындалып жатыр. Десек те, әлі де көңіл көншіген жоқ».

 

«Айқын». Өлі тілге айналмасын десек…

Шолуымызды осы басылымда жарық көрген, тіл мәселесіне арналған тағы бір мақаламен жалғастырамыз. Тақырыбы «Өлі тілге айналмасын десек...» Әрине, әр азамат бұл ойды өзінше сабақтайды. Ал біз еңбегін ұсынған автор ортасы жоқ тілді өлі тілге балайды. Әрі сөзін дәйекті ету үшін шетелдік мамандардың зерттеуіне жүгінеді. Мәселен, Солтүстік Америкада 187 тіл бар болса, олардың барлығына бір ғана ағылшын тілі қауіп төндіреді екен. Ал Майкл Краус есімді ғалымның пайымдауынша, алдағы 50 жылда адамзат тілінің 90 проценті жоғалып кететін көрінеді. Дәл осы лингвист жойылу қаупі төнген тілдерді 5 санатқа бөледі.

«Осы орайда америкалық лингвист Майкл Краус жойылу қаупі төнген тілдерді 5 санатқа бөледі.

Біріншісі – қауіп төне бастаған тілдер. Олар әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан қажетсіз деп табылған, үлкен  тілдердің қыспағына түскен тілдер. Басты белгісі – алдымен бұл тілдерде сөйлейтін жастар азая бастайды.

Екіншісі – қауіп-қатер төнген тілдер. Бұл халықтың жас ұрпағы өз тілінде сөйлегісі келмесе, онда оған қатер төнді деп есептей беріңіз.

Үшіншісі – аса қауіп-қатер төнген тілдер. Бұл тілде жақсы сөйлейтіндердің жасы елуден асқандар.

Төртіншісі – өле бастаған тілдер. Бұл тілде тек қартайған адамдар ғана сөйлейді.

Бесіншісі – жойылған тілдер. Бұл – сол тілде сөйлейтін бірде-бір адам қалмаған тіл».

 

«Сыр бойы». Болашақтың мамандығы қандай немесе жасанды интеллект кімдерді алмастыруы мүмкін?

Қазір болашақтың мамандықтары мен жасанды интеллект жайлы көп айтылып жүр. Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газеті осы мәселеге арнап сараптамалық мақала әзірлепті. Автор әлемде автоматтандыру үрдісі үздіксіз жүріп жатқанын алға тартып, алдағы 5 жылдың көлемінде 5 миллионға жуық адам жұмыссыз қалуы мүмкін деген болжам айтады. Сондай-ақ мақалада статистикалық деректер де бар. Мәселен, әйгілі «Microsoft» компаниясы қызық зерттеу жүргізіпті. Сұралған мектеп оқушылары мен студенттердің жартысынан көбі болашақта қазір мүлдем жоқ мамандық бойынша жұмыс істейміз деп жауап берген. Сондай-ақ мақалада еліміздегі жағдай да көрініс тапқан. 

«Қазір Қазақстан жоғары оқу орындарының саны бойынша Ұлыбритания, Жапония, Германия сияқты елдерді басып озды. Осы университеттер мен институттарда 300 мыңнан астам бакалавр оқиды. Бірақ ел экономикасында осынша бакалаврға, әсіресе, заңгер, экономист, қаржыгерлерге сұраныс жоқ. Жоғары оқу орындарында 27 процент экономистер дайындалғанмен, еңбек нарығында жұмыс істейтін қаржы саласы мамандары 13 проценттен аспайды. Керісінше, елімізде техникалық, кәсіптік оқу орындарын бітірген мамандарды қажетсінетін 20 мың жұмыс орны бос тұр. Экономикалық әлеуеті жоғары елдерде мектеп бітірушілердің 80 проценті жұмысшы мамандығын игеруге ден қояды. Ал біздің мектеп бітірушілердің 15 проценті ғана мамандық таңдауда дұрыс шешім қабылдайды. Басым көпшілігі тәуекелге бас тігеді».

Автор ресейлік компанияның дерегіне сүйене отырып, мұндай 15 мамандықты атайды. Олардың қызметі негізінен жасанды интеллект және робототехникамен тығыз байланысты. Ал болашақта киберқауіпсіздік маманы, биоинформатик, нейропсихолог, биофармаколог сияқты мамандар сұранысқа ие болады екен.

Хабар 24 телеарнасы